Мойынқұм таңы

Облыстық мәслихат депутаттары ауданда болды

0 91

Облыстық мәслихат төрағасының 2025 жылғы 17 шілдедегі №55-ө өкімімен құрылған уақытша комиссия, облыстық мәслихат депутаттары Андрей Савченко, Жанат Бастаубаева, Бақытжан Қалымбетов және облыстық мәслихат аппаратының бас инспекторлары Рүстем Айдынбеков, Сеит Календеров 13-15 тамыз аралығында ауданымыздағы денсаулық сақтау саласы мекемелеріне зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Зерделеу жұмыстарын Кеңес ауылын­дағы дәрігерлік амбулаторияның атқарып отырған жұмыстарымен танысудан бастады.

Сапардың мақсаты – Мойынқұм ауданында Қазақстан Республикасы Ден­саулық сақтау дамуының 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру мәселесі бойынша алдағы облыстық мәслихат сессиясына материалдар дайын­дау. Жұмыс сапары барысында ауру­ханалар мен амбулаториялардың ма­те­риалдық-техникалық базасының жағ­дайы, медицина кадрларымен, соның ішін­де учаскелік дәрігерлермен және тар бейінді мамандармен қамтамасыз етілуі, өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін басты назарға алды.

Облыстық мәслихат депутаттарына ау­дандық орталық аурахананың бас дәрігері Бағлан Жүнісбеков жергілікті амбулатория, емханалар мен ауруханалардың жағдайын таныстырып, медицина қызметкерлерімен және тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселелерді анықтады. Қордаланған мәсе­лелер мен нақты ұсыныстар жинақталды.

Атап айтқанда, аудандық ауруханаға заманауи реанимобиль қажет; Мамандар тапшылығы сезілуде (инфекционист, он­колог-маммолог, рентгенолог, психиатр, офталь­молог және т.б.);

Аурухана ғимаратын жаңғырту жұмыс­тарына ЖСҚ дайындалуда, кейін қаржы­ландыру қажет болады;

Компьютерлік томография (КТ) аппара­тымен қамтамасыз ету – күн тәртібінде;
Облыстық мәслихат депутаттары Қылышбай және Шығанақ ауылдарындағы амбулаторияларға күрделі жөндеу жұмыс­тарын жүргізу мәселесінің шешу жолдарын қарастырып, жоғарыда аталған мәселелерді сессия назарына ұсынып, тиісті мемлекеттік органдарға сауалдар жолдайтын болады.