Мойынқұм таңы

Спорт және халықаралық Жастар күндері кең көлемде атап өтілді

0 11

Аудан орталығы Б.Момышұлы атындағы стадионында Спорт күніне және Халықаралық жастар күні мен Ассамблеяның 30 жылдығы, ауданның 60 жылдық мерейтойына орай кең көлемде іс-шаралар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Бұл күн аудан тұрғындары үшін нағыз спорт пен өнердің мерекесіне айналды.

Футбол алаңындағы тартысты ойындар
Аудандық спорт алаңында өткен кіші футбол турниріне 10 команда қатысып, жасыл алаңда қызықты бәсекелер өрбіді. Онда Мыңарал, Шығанақ, Қияхты, Хантау, Бірлік, Жасұлан, Көкжелек, Күшаман, Жамбыл және Мойынқұм ауылдарының спортшылары өзара бақ сынасты.

Нәтижесінде Күшаман командасы бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынды – Мойынқұм, ал үшінші орынға – Қияқты командасы лайық деп танылды.
Волейбол додасы

Сонымен қатар аудандық спорт залында волейболдан жарыс ұйымдас­тырылып, оған 7 команда қатысты. Ойынға Шығанақ, Құмөзек, Ақбақай, Айдарлы ауылдарының және Мойынқұмнан үш команданың спортшылары күш сынасты.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды – Мойынқұм командасы, екінші орынды – Шығанақ, ал үшінші орынды М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейінің командасы иеленді.

Жеңімпаздарға арнайы бағалы сый­лықтар табысталып, мерекелік ма­рапат­тау рәсімі ұйымдастырылды. Бұл шара спортшылардың мерейін көтеріп қана қоймай, жастарды салауатты өмір салтына баулуға бағытталды.
Мәдениет үйіндегі салтанат

Мерекелік іс-шаралар аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Мұнда аудан әкімінің міндетін атқарушы Әлібек Нұрадинов жиналғандарды айтулы ме­ре­кемен құттықтап, ауданның спорт сала­сының дамуына қосқан қомақты үлесі үшін және «Тамыздың үшінші жексенбісі — Спорт күні» кәсіби мерекесіне орай аудан әкімінің «Мойынқұм ауданына – 60 жыл» мерекелік медалімен Шығанақ ауылдық округіндегі дене шынықтыру сауықтыру спорт кешені ғимаратының меңгерушісі Ербосын Сұлтанбек пен Бірлік ауылдық округіндегі дене шынықтыру сауықтыру спорт кешені ғимаратының меңгерушісі Марат Төлендиевті наградтады.

Аула клубының ұлттық ойын үйірмесінің жетекшісі Алтыншаш Құлымбетова, атбегі Кенжетай Жүгібаев, №23 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің футбол үйірмесінің жаттықтырушысы Ержеткен Омаров, Шығанақ орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жандар Жаңабаевтарға аудан әкімінің Құрмет грамотасы, Бірлік ауылдық округіндегі дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінің кіші қызметкері Ғанизат Байдаулетова, Б.Момышұлы атындағы орталық стадионның кіші қызметкері Алпысбай Парымбеков, Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының іс-жүргізушісі Мақпал Құлыбекова, Жамбыл цемент зауытының жұ­мысшысы, спортшы, ұйымдастырушы Бахыт Жыйындиев, атбегі Зият Исаев, №23 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің кіші қызметкерлері Олжас Жамбылбай мен Айдын Алишевке аудан әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды.

Халықаралық жастар күніне орай өңірдің жалынды жастарына да құрмет көрсетілді. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Мәди Күнту Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқарма басшысы Жанболат Нұрмолдаұлының Алғыс хатына ие болса, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыру және бақылау бөлімінің меңгерушісі Таңшолпан Құлбаева Жамбыл облысы полиция департаменті бастығы, полиция полковнигі Б.Малыбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, аудан көлемінде жастар бастамаларын ілгерілетуде белсенділік танытқаны үшін Жасыл Ел еңбек жасағының мүшесі Ақмаржан Дәрібек, Сәкен Сағадин, Бауыржан Жайлау, Аружан Дәрібекке ау­дан әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.

Жастар арасындағы тәртіп пен құқық­бұзушылықтың алдын алудағы белсенді еңбегі үшін аудандық полиция бөлімінің бастығы А.Көпбаевтың Алғыс хатымен «Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының орынбасары Нұрислам Бейсенбек марапатталды.

Бұдан кейін аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов құттықтау сөз сөйлеп, Спорт күніне орай, спорт ардагері Абзал Көшербаевқа, Қарабөгет ауылдық округінің спорт нұсқаушысы Ерболат Момынқұловқа, Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жарқын Жүнісбековтерге Құрмет грамотасын табыс етті. Ал №23 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің Дзюдо бөлімінің жаттықтырушысы Аслан Сазанбай, №23 Балалар-жасөспірімдер спорт мек­тебінің кіші қызметкері Роза Жуасбаева, атбегілер Алтынбек Әбдібеков, Исатай Үкітаев, Мырзабек Жұманов, Жандос Шіркеевтер аудандық мәслихаттың Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерекелік кештің шоқтығы

Салтанатты жиында Қазақстанның жарық жұлдызы, танымал әнші Ұлан­ғасыр Қами арнайы келіп, аудан тұрғындарына өнер көрсетті. Шырқалған әсем әндер көпшіліктің көңілін көтеріп, мерекелік күнді ерекше шаттыққа бөледі.

Биылғы Спорт күні мерекесі спорттық сайыстар мен өнерлі кештердің тоғысына айналып, ауданның мерейлі жылымен үндесіп өтті.