Мойынқұм таңы

Білім ордалары шәкірттерін қарсы алды

0 9

1 қыркүйек күні барша қазақстандық мектептерде жаңа оқу жылы басталып, білім ордалары шаттыққа толды. Ауданымызда дәстүрлі алғашқы қоңырау салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл күн – білімнің шамшырағы жағылып, жаңа үміттердің оянатын, болашақтың есігі айқара ашылатын сәт.

Жамбыл атындағы мектеп-гимна­зиясында өткен «Мектебім – мейірім мекені» атты салтанатты жиын балаларды білім айдынына жетелейтін ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шараға аудан әкімінің орынбасары Төлеулиев Мейірхан Берікұлы, аудандық білім бөлімінің әдіскері Көшербаева Қаламқас Доғдырханқызы, ата-аналар комитетінің төрағасы Көшербаев Қанат Доғдырханұлы және басқа да қонақтар қатысып, шәкірттерге ізгі тілектерін арнады. Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран шырқалған сәт – жас ұрпақтың жүрегіне патриоттық сезім ұялатып, білім мен тәрбиенің қастерлі ордасына деген мақтанышты еселей түсті.
Мектеп директоры Жаңыл Әзімханқызы бастаған ұстаздар мен қонақтардың жүрекжарды сөздері шәкірттерді жаңа белестерге шақырды. Осы жылы 64 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттап, үлкен өмірдің алғашқы бетін ашты. Ал 42 түлек жаңа арман-мақсатпен үлкен өмірге қанат қағуға дайындалуда. Дәстүрлі «Алғашқы қоңыраудың» сыңғыры — әр шәкірттің жүрегінде жаңғырып, білім жолының басталғанын айқындады.
***
М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейін­де де 1-қыркүйек дәстүрлі Білім күніне арналған «Мектебім – мейірім мекені» атты тақырыпта салтанатты жиын өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранымен ашылып, білім ордасының жаңа оқу жылына қадам басқан сәті салтанатты түрде басталды.
Мектеп директоры Шыңғыс Жашаралин құттықтау сөз сөйлеп, барша ұстаздар мен оқушыларды 1 қыркүйек – Білім күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде жаңа оқу жылының табысты, жемісті болуына тілектестік білдіріп, шәкірттерге тек биік белестер мен жарқын жетістіктер тіледі.
Жиын барысында аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақерке Жанатова, ардагер ұстаз Шахаркүл Оспанова жүрекжарды тілектерін білдіріп, жас буынға білімге деген құштарлық, еңбекқорлық пен табандылық тіледі. Олар ұстаздар қауымына табыс тілей отырып, білім мен тәрбие жолындағы қажырлы еңбектің маңыздылығын атап өтті.
Мерекелік жиын аясында 4 «ә» сынып оқушылары Осман Жұмахан мен Айзере Сержан «Сыңғырла, сыңғырла тағы да» әнін шырқап, көрермен көзайымына айналды. Әсіресе, алғаш мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің қуанышты жүздері мен толқыған сәттері көрермендердің көңілін тебірентті.
Осындай игі шаралар білім алуға деген ынтаны арттырып, мектеп пен оқушы арасындағы рухани байланысты нығайта түсетіні анық.
***
Сол күні Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебінде де алғашқы қоңырау салтанаты мазмұнды әрі әсерлі өтті. Жиында Мем­лекеттік Ту көтеріліп, Әнұран шырқалды. Салтанатқа аудандық мәслихат төрағасы Нұртас Саурықов, мектеп басшылары, білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Сыздықова Фарида Аманқызы, сондай-ақ ардагер ұстаздар қатысты. Қонақтар алғашқы рет мектеп партасына отырған 37 бүлдіршінге ақ жол тілеп, бойларына білімге деген құштарлықтың отын жағуға үндеді. Биылғы жылы бұл мектепте 19 жас түлек 11 сыныпқа қадам басты. Білім – адам жанының шамшырағы, қараңғыны жарып шығатын мәңгілік сәуле. Әрбір соғылған қоңырау – бір жаңа үміттің белгісі, әрбір ашылған кітап – болашаққа апарар жолдың бастауы. Жаңа оқу жылының алғашқы күні осындай үмітке толы қуанышпен өрнектеліп, мектеп ауласына шаттық пен жігер сыйлады. Жаңа оқу жылы құтты болып, білімнің биік шыңына қол созған әр шәкірттің арманы орындалсын!