Мойынқұм таңы

Маңызды мәселелер қаралды

0 10

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан басшысы Ермек Карентаевтың төрағалығымен аппараттық кеңес отырысы өтті.

Жиында алдымен Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында айқындалған міндеттерді жүзеге асыру жолдарын айқындау мақсатында кеңейтілген кеңес өткізілді. Бұл ретте аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағынғали Аманов пен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев сөз сөйлеп, Жолдаудағы негізгі бағыттар мен міндеттерге тоқталды.

Бұдан кейін аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Төлегенов 2025–2026 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындық барысы мен «Таза Қазақстан» акциясының жүзеге асырылуы туралы баяндама жасады.
– Аудан әкімдігінің 2025 жылғы 30 мамырдағы №147 қаулысына сәйкес, 2025–2026 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындық шаралары басталды.

Сонымен қатар, аудан бойынша білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы са­лаларының маусымға дайындығын қам­титын іс-шаралар жоспары 2025 жылғы 26 мамырда бекітілді.
Барлық әлеуметтік нысандарды жылыту үшін 14 860 тонна көмір және 392 тонна дизель отыны жеткізу жоспарлануда, – деді Б.Қадырбайұлы.

Кеңес барысында аудандық ветери­нариялық станция директоры Ернұр Нәдірғожин бірқатар елді мекендерде салынып жатқан ветеринариялық пункттердің құрылысы туралы баяндады.

Жоспар бойынша 2025 жылы: Биназар, Кеңес, Бірлік, Қызылотау, Жамбыл ауылдық округтерінде жаңа үлгідегі ветеринариялық кешендер салынуы тиіс.

Мекемелер кешен ретінде салынады: ішінде мал тоғытпасы, ірі қара малға арналған профилактикалық аймақ, қызметтік ғимарат және қора-жай қарастырылған. Жер көлемі – 0,3000 гектар.

Қызылотау – Мердігер: ЖК Жылыбаев Мақсат Қайратұлы. Жұмыстың 90–95%-ы аяқталған. Қыркүйек айының соңында тапсырылады. Қаржыландыру – аудандық бюджет. Бірлік – Мердігер: ЖК Ақбасов Еркелді. Жер телімі ЛПХ арқылы берілген. Құжаттары рәсімделуде. Қазан айында аяқталады деп жоспарлануда. Кеңес – Мердігер: «Интерстрой Холдинг» (Ермек Еркебұлан Ермекұлы). Құрылыс тоқтап тұр. Тек іргетасы жартылай құйылған. Қаржыландыру – облыстық бюджет. Биназар ауылдық округінде «Интерстрой Холдинг» атынан негізінде әрекет ететін Ермек Еркебұлан. Құрылыс жұмыстары басталмаған. Қаржыландыру облыстық бюджет арқылы.

Жамбыл ауылында мердігер Махмудов Мади Умбетович ұтып алған. Алайда мердігермен байланысу мүмкін болмау салдарынан, құрылыс жұмыстары басталмай, жоба Бірлік ауылдық округіне ауыстырылған. Қаржыландыру аудандық бюджет арқылы.

Кеңесте аудандық «Мансап» орта­лығы­ның директоры Бақыткүл Қалымбетова сөз алып, Кәсіпкерлікті дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған Ұлттық бағдарламасының аудан көлемінде 2025 жылдың 8 айындағы орындалу барысы туралы есеп берді.

Аппараттық кеңесті қорытындылаған аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы көтерілген мәселелер бойынша орынбасарларына, бөлім басшыларына, ауыл және ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.