Мойынқұм таңы

Ауылдағы су тапшылығы: Мәселе қалай шешіліп жатыр?

0 14

Аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаев ауыл тұрғындарын толғандырып отырған ең өзекті мәселенің бірі – ауыз су жағдайына арнайы зерделеу жұмыстарын жүргізді. Әкіммен бірге аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Сағынғали Аманов, аудан әкімінің орынбасары Әлібек Нұрадинов, ауыл әкімі Рүстем Тұрарқұл және жауапты сала мамандары қатысты.

Зерделеу барысында аудан басшысы ең алдымен төтенше жағдай кезінде бөлінген 19 миллион теңгенің қалай және қайда жұмсалғанына назар аударды. «Мойынқұм су-жылу» мекемесінің директоры Тұрсын Устемировтың мә­ліметінше, оның 4 миллион 100 мың теңгесі ауыз суды арнайы техникамен тасуға қажетті дизель отынын алуға және жаңа құбыр сатып алуға жұмсалған. Құбырлар Ресей Федерациясынан жеткізіледі, өйткені елде мұндай құбыр шығаратын зауыт жоқ екен. Ал әкім орынбасары Әлібек Нұрадинов қалған 14 миллионнан астам қаржы жаңа су құбырына арналған жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге бағытталғанын айтты.

Зерделеу жұмыстары барысында аудан әкімі бастаған топ 38 шақырым қашықтықтағы құмды аумақта орна­ласқан су қоймалары мен ескі скважиналарды аралап көрді. Көп жылдар бұрын қазылған кейбір құдықтар уақыт өте келе құмға көміліп, жарамсыз болып қалғаны анықталды. Сондықтан оларды қайта қалпына келтіру қажеттігі айтылды.

Әкімдік тарапынан жалпы Мойынқұм ауылын толық сумен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 1,2 миллиард теңге сұралғаны да белгілі болды. Бұл қаржы бөлінсе, ауыл тұрғындары үшін ауыз су мәселесі түбегейлі шешіледі. Аудан орталығынан 38 шақырым жердегі скважиналарға реконструкциялар жа­салады (қоршалаған 4 аумақ, оның әр­қайсысында екі скважинадан), су құбыры магистралі жаңадан тартылады, ауыл ішіндегі құбырлар жаңарады.

Ермек Карентаев қорытынды сөзінде елді мазалаған барлық сауалдарға жауап беріп, сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. Әкім ауыз су мәселесін шешу – уақыт күттірмейтін іс екенін айтып, жұмысты шапшаң әрі сапалы орындауды талап етті.

Бұл зерделеу жұмыстары жергілікті биліктің мәселені жай ғана бақылап қоймай, оны түбегейлі шешуге деген нақты қадам жасап отырғанының айқын дәлелі болды. Халықтың басты қажеттілігі – таза ауыз суды жеткізу ісі аудан басшылығының жіті назарында екені анық көрінді. Сондай-ақ аудан әкімі жұртшылықпен кері байланысқа басты назар аударып, мұң-мұқтажын сүзгіден өткізіп отырады.