Мойынқұм таңы

Аймақтық кеңестің кезекті отырысы өтті

0 10

Тараз қаласында «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңестің кезекті отырысы өтті.

Кеңес отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жа­санды интеллект дәуіріндегі Қа­зақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын мақсат-міндеттер кеңінен талқыланды. Бұл бағытта кеңес төрағасының орынбасары Жанар Орынбаева баяндама жасап, алдағы уақытта еліміздің барлық салалары толықтай цифрлық форматқа көшетінін атап өтті. Сондай-ақ, өңірдегі әлеуметтік сала мекемелері мен қызметтері осы бағытқа дайын болуы керектігіне назар аударды.

Жиын барысында аудандағы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау, сондай-ақ қиын жағдайдағы отбасылармен жүргізіліп жатқан жұ­мыстар туралы да сөз қозғалды. Бұл жөнінде аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев баяндама жасады. Сонымен қатар, ол ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеу мәселесіне де тоқталды.
Айта кету керек, қазіргі таңда ауданда 696 мүгедектігі бар азамат тіркелсе, оның 96-сы – 18 жасқа дейінгі балалар мен жастар. Сонымен қатар, 1 жастан 6 жасқа дейінгі 41 бала атаулы әлеуметтік көмек алуда. Бұдан бөлек, 63 мүгедектігі бар бала абилитациялау және оңалту бойынша жеке бағдарлама негізінде оңалтудан өткен.

Кеңес отырысында кеңес мүшелері ауданнан облыстық оңалту орталығына мүгедектігі бар балалардың өте аз баратынын атап өтті. Бұл өз кезегінде ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін көрсетеді. Сонымен қатар, осы санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де көтеріліп, оны жүйелі жолға қою қажеттігі айтылды. Бұдан өзге, аудандағы әлеуметтік және мемлекеттік мекемелердің мүгедектігі бар адамдарға бейімделу деңгейі де күн тәртібіне шығарылып, тиісті ұсыныстар берілді.

Отырыс барысында ұсыныстар мен пікірлер айтылып, алдағы жұ­мыс жоспары нақтыланды. Кеңес өз жұ­мысын Жолдауда жүктелген міндет­терді орындауға бағыттайтын болады.