Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, елдің дамуына үнсіз үлес қосып жүрген қарапайым еңбек адамдарының мәртебесін көтеруді басты мақсат етіп қойды. Бұл бастама – қол еңбегінің қадірін арттырып, адал терімен тіршілік етіп жүрген жандардың қоғамдағы орнын бағалаудың айқын белгісі. Өйткені шын мәнінде елдің іргесін нығайтып тұрған – дәл осы еңбекқор адамдар.
Солардың бірі – ауданымызға қарасты Бірлік ауылында тұратын жеке кәсіпкер Жетпісбай Құлбаев. Ол – тынымсыз ізденістің, батыл шешімнің және адал еңбектің нағыз үлгісі. Жетпісбай аға көпшіліктің таңданысын тудырып жүрген ерекше іспен айналысады: ол Өзбекстан мен Сарыағаштан түйеқұс әкеліп, ауылда алғаш болып өсіріп жатыр. Қарапайым ауыл тұрғыны үшін мұндай кәсіпке тәуекел ету оңай шаруа емес. Бірақ ол өзгелердің жүрексінетін ісін қолға алып, ауыл шаруашылығын жаңа қырынан дамытуға тырысуда.
Жетпісбай мырзаның айтуынша, түйеқұс асырау қой бағудан да тиімді. Оның еті мен жұмыртқасы нарықта жоғары сұранысқа ие, бағасы да арзан емес. Ал терісі сән мен өнеркәсіп саласында құнды шикізат ретінде қолданылады. Дегенмен бұл кәсіптің де өз қиындығы бар. Құсты бағып-қағуда ерекше күтім қажет, тәжірибе мен білім керек. Бірақ Жетпісбай аға қиындықтан қашпайды. Қазірдің өзінде бір қораны бірнеше дәлізге бөліп бір еркек пен екі ұрғашы түйеқұстан жалпы саны 18 түйеқұстарды асырап, санын көбейтуді жоспарлап отыр. Жұмыртқаларын инкубаторға салып, балапан шығаруды жолға қойған. Бұл тек табыс табудың амалы емес, ауылда тың кәсіптің қалыптасуына бастамашы болу ниетінің көрінісі.
Жетпісбай Құлбаевтың еңбекқорлығы тек түйеқұс өсірумен шектелмейді. Ол жер жыртып, егін егеді, шағын көл қазып, балық шаруашылығын дамытуды да қолға алмақ. Бұдан бөлек, аудандағы жастардың үйлену тойларына сән қосатын жалғыз лимузин де осы кісінің меншігінде. Ескі резеңкелерді қайта өңдеп, тұрмысқа жарамды заттар жасауға да машықтанған. Үйінде павлин мен үндік асырап, ауыл балаларына қызық сыйлап жүр. Барлық іс қолынан келетін, қолөнерге жақын адамның еңбегі ауылдастарға үлгі болары анық.
Жетпісбай аға – көпбалалы әке. Жеті баласының болашағына адал еңбекпен жол ашып жүргені, бір қолымен тіршілікті жасап, екінші қолымен жаңа мүмкіндіктер іздеп жүргені – нағыз еңбек адамының бейнесі. Ол ешкімнің мадағын күтпей-ақ, туған жерінде тыңнан жол салып, өзгеге жұмыс көзін ашып, бала-шағасының нәпақасын таза еңбекпен тауып жүр. Осындай адамдардың арқасында ауыл тіршілігі жанданып, елдің еңсесі көтеріледі.
Жылдар бойы «еңбек адамдары еленбей қалып жатады» деп айтып жүретінбіз. Міне, биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» сол үнсіз еңбек иелеріне назар аударып, олардың бейнетін бағалауға жол ашты. Қарапайым ауылда жүріп, ешкімнің батыл бара бермейтін кәсіпті бастап, өз жеріне жаңалық әкеліп отырған Жетпісбай Құлбаев – нағыз еңбек құрметіне лайық жан. Оның табандылығы, тәуекелі мен жаңашылдығы жас буынға үлгі, ал ауылдың болашағы үшін үлкен үміт.
Мойынқұмдай киелі топырақта осындай еңбекқор азаматтардың көп болуы – ауданымыздың өркендеуінің кепілі. Жетпісбай ағаның ісі бір ғана кәсіп емес, ол – тың идеяға сенген, еңбектен қорықпаған адамның өмірі. Осындай адамдар көбейген сайын ауыл да жаңарады, ел де гүлденеді, еңбек – нағыз мақтанышқа айналады.