Мойынқұм таңы

Айдарлы ауылында спорттық-сауықтыру кешені ашылды

0 10

Айдарлы ауылында жаңа спорттық-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға аудан әкімі Ермек Карентаев қатысып, жиналған жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Салтанатты жиында еңбек ардагерлері Күлзада Тілеубаева мен Бөгенбай Бидасбаевқа «Мойынқұм ауданына — 60 жыл» және «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» арнайы төсбелгі табысталды. Одан кейін, Жазатаның шәкірті Бөгенбай Бидасбаев қария ақ тілегін арнап, жиналған көпшілікке ақ батасын берді.

Салтанатты рәсім барысында спорт кешенінің лентасы қиылып, шашу шашылды. Кешеннің ішін аралаған ауыл тұрғындары мен қонақтары балалардың доп ойнауына куә болып, жаңа нысанның ауыл тұрғындары үшін зор мүмкіндік екенін атап өтті.

Жаңа спорт кешенінің құрылысы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізілді. Жоба құны -359,2 млн. теңге. Ғимарат 2 қабатты. Мұнда ауыл балалары мен жасөспірімдері күрес, бокс, футбол, баскетбол, волейбол сынды спорт түрлерімен шұғылдана алады.

Аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, ауданда бүгінгі таңда тұрғындардың дене шынықтырумен айналысуы үшін барлығы 154 спорт нысаны бар, атап айтқанда, 3 спорт кешені, 1 орталық стадион, 32 спорт зал, 118 спорт алаңшалары орналасқан. Бүгін 1 спорт кешені пайдалануға берілді. Нәтижесінде аудан халқының спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 76,2 пайызға жетті.

Бүгінде 11571 адам немесе аудан халқының 41,9 пайызы спортпен жүйелі түрде шұғылданады.