Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес, аудан әкімдерінің тұрғындармен кездесулері әр жартыжылдық сайын өткізіліп отыруы тиіс. Бұл – билік пен халық арасындағы ашық диалогты қамтамасыз етуге, жергілікті жердегі түйткілді мәселелерді уақытылы шешуге бағытталған маңызды бастама. Осыған сәйкес аудан әкімі Ермек Карентаев Кеңес және Бірлік ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен өзекті мәселелерін талқылады.
Кеңес ауылдық округінде өткен кездесуге аудан әкімінің орынбасарлары, тиісті бөлім мен мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдігі және Айдарлы ауылының тұрғындары қатысты. Кездесу барысында ауыл халқы негізінен ауыз су тапшылығы, егін суының жетіспеушілігі, жер дауы және ауылға кіреберіс жолдың нашарлығы секілді мәселелерді ортаға салды. Тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын ашық түрде жеткізіп, жауапты сала өкілдерінен нақты жауаптар алды.
Аудан әкімі Ермек Карентаев тұрғындардың әрбір ұсынысы мен өтінішін мұқият тыңдап, көтерілген проблемалардың көпшілігі бойынша тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Кейбір мәселелерге жиын барысында-ақ жауап беріліп, шешім жолдары талқыланды. Ал күрделі сипаттағы сұрақтар хаттамаға енгізіліп, жауапты мекемелерге жіберілді. Әкім бұл мәселелердің орындалуы өз бақылауында болатынын және шешімін тапқанға дейін назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
Кездесу барысында Ермек Карентаев ауылдағы ауыз су және егін суы мәселесінің маңыздылығын ерекше атап өтіп, бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, ауылға кіреберіс жолды жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатқанын айтты.
Келесі кездесу Бірлік ауылдық округінде өтті. Бұл жиынға да аудан әкімінің орынбасарлары, тиісті бөлім мен мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдігі және жергілікті тұрғындар қатысты. Мұнда ауыл халқы өздерін мазалаған бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. Соның ішінде дәрігер тапшылығы, газ тарту жұмыстарының баяулығы, жол бойында малдың еркін жүруі мен көмір бағасының қымбаттауы тұрғындар тарапынан ерекше назарға алынды.
Аудан әкімі мен жауапты сала өкілдері әр сұраққа жеке тоқталып, түсініктемелер берді. Мәселен, денсаулық сақтау саласына қатысты аудан басшысы ауылдық округтердегі медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Қазіргі таңда жас мамандарды тарту, фельдшерлік пункттердің материалдық-техникалық базасын нығайту шаралары қолға алынған. Газдандыру жұмыстары да ауданның даму жоспарына енгізілгенін және кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді.
Көмір бағасына қатысты аудан басшылығы жауапты мекемелермен бірлесіп бағаның негізсіз көтерілуін болдырмау бағытында бақылау жұмыстарын күшейтетініне уәде берді. Ал жол бойындағы малдың жүруіне байланысты әкім ауыл тұрғындарына қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін ескертіп, тиісті мекемелерге мал иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Кездесулердің басты мақсаты – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап қана қоймай, нақты шешім қабылдау және кері байланыс орнату. Аудан әкімі Ермек Карентаев мұндай кездесулердің әр жартыжылдықта өтуі тұрғындардың өтініштерін дер кезінде жеткізуге, жергілікті атқарушы органдардың жұмысына баға беруге мүмкіндік беретінін айтты.
Жиын соңында тұрғындар аудан әкімі мен оның командасына алғыстарын білдіріп, көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынына сенім артты. Ермек Карентаев өз кезегінде барлық ауыл тұрғындарын белсенділік танытып, ауданның дамуына бірлесе үлес қосуға шақырды.
Осылайша, аудан басшысының ауыл тұрғындарымен кездесулері халық пен билік арасындағы өзара түсіністік пен сенімді арттыруға, жергілікті деңгейдегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық түйткілдерді шешуге бағытталған тиімді диалог алаңы екенін көрсетті.