Ауданымызда тазалық пен тәртіпке ерекше көңіл бөлініп келеді. Өткен сенбіде аудан орталығында абаттандыру және көріктендіру мақсатында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Бұл шара – тек қоршаған ортаны таза ұстау ғана емес, елдің экологиялық мәдениетін арттыру мен туған жерге деген сүйіспеншілікті дәріптеудің айқын көрінісі болды.
Сенбілікке аудан әкімі Ермек Карентаевтың өзі бастамашы болып, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары мен қызметкерлері, ауыл тұрғындары түгелдей атсалысты. Сенбілікке барлығы 260-қа жуық адам қатысып, ауданның «Жасыл белдеу» аймағында бірлескен тазалық жұмыстары жүргізілді.
Жұмыс барысында талдардың түбі қопсытылып, айналасындағы шөптер шабылды, қоқыстар жиналып, арнайы орындарға шығарылды. Бұл бір күндік еңбек – ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға, тұрғындарға үлгі болуға бағытталған нақты қадам болды.
Мойынқұмдықтар сенбілікті ерекше көңіл-күймен өткізді. Әсіресе жастар мен мемлекеттік қызметкерлердің белсенділігі айрықша байқалды. Олардың барлығы табиғатты аялау – әрбір азаматтың борышы екенін ісімен дәлелдеді.
Бұл сенбілік республикалық экологиялық акция аясында өтті. Мұндай іс-шаралар тек аудан келбетін көркейтіп қана қоймай, қоғамда ұжымдық жауапкершілік пен ұйымшылдық сезімін қалыптастырады. Табиғатқа деген қамқорлық, тазалық пен тәртіп мәдениеті – өркениетті қоғамның басты белгісі екені белгілі.
«Тазалық – біздің ортақ мәдениетіміздің көрсеткіші. Ауласы мен көшесін таза ұстайтын елдің болашағы да жарқын болады. Әрқайсымыз өз ортамызға жауапкершілікпен қарасақ, ауданымыздың ажары ашыла түседі», – деді аудан әкімі Ермек Карентаев.
Сенбілік соңында қатысушылар алғыс айтып, алдағы уақытта мұндай игі шараларды тұрақты түрде өткізуге уағдаласты.
Аудан әкімдігі тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға, қоғамдық орындарда тәртіп пен мәдениетті сақтауға шақырады. Өйткені тазалық – тек сыртқы көрініс емес, ол – біздің сана мен мәдениет деңгейіміздің айнасы.