Мойынқұм таңы

Ауыл әлеуетін арттыру – басты назарда

0 7

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірлерінде әкімдердің халықпен кездесулері әрбір жартыжылдықта тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл – тұр­ғындардың өзекті мәселелерін тікелей жеткізіп, шешу жолдарын бірлесіп қарастыруға мүмкіндік беретін маңызды диалог алаңы. Өткен аптада аудан әкімі Ермек Карентаев ауданға қарасты бірнеше ауылдық округ тұрғындарымен кездесіп, елдің тыныс-тіршілігі мен өзекті мәселелерін талқылады. Кездесулерге аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, ауыл әкімдері мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Мыңарал ауылында өткен кездесуде тұрғындар елді мекендегі жарық сым­дарының тозуы, ветеринарлық дәрігер тап­шылығы, темір жолдан жаяу жүр­гіншілердің өту жолын салу және ауылға кіре беріс жолды жөндеу мәселелерін көтерді. Әкім тұрғындардың сауалдарын мұқият тыңдап, жауапты сала басшыларына нақты тап­сырмалар берді. Бірқатар сұрақтарға сол жерде жауап берілсе, қалғандары хаттамаға енгізіліп, шешімін тапқанға дейін бақылауда болатыны айтылды.

Шығанақ ауылында өткен кездесуде тұрғындар ауылдағы дәрігер тапшылығы мен жедел жәрдем қызметінің жетіс­пеу­шілігін алға тартты. Тиісті сала бас­шылары түсініктеме беріп, бұл бағытта алдағы уақытта кадр мәселесін шешу және медициналық көліктердің жұмысын реттеу бойынша нақты жоспарлар жасалып жатқанын жеткізді.

Биназар ауылдық округінде тұрғындар балаларға арналған өнер мектебін ашу, ауылдық медициналық пунктті қажетті құралдармен қамтамасыз ету, ауыл маңындағы автожол бойын мал шығудан қор­ғау және саябақ салу туралы ұсыныстар айтты. Аудан басшысы бұл бастамалардың әлеуметтік маңыздылығын атап өтіп, мәдени және әлеуметтік нысандарды дамыту ба­ғытындағы жұмыстар жалға­сатынын жеткізді.

Ақсүйек ауылдық округінде өткен жиында тұрғындар ауыз су, кіреберіс жол, жарық бағаналары, ауыз су тасушы көлік және қоқыс полигоны мәселелерін көтерді. Әкімдік өкілдері әр мәселенің шешілу жолдарын түсіндіріп, бірқатар сұрақтар сол жерде шешімін тапты. Қалғаны бақылауға алынып, нақты мерзіммен орындалатыны айтылды.

Ақбақай ауылында өткен кездесуде тұрғындар ауыл мектебінің ғимаратының жағдайы, ауылға қатынайтын жол, монша салу қажеттілігі, кен байыту комбинатының жер қыртысына әсері және электр жа­рығының бағасы сияқты мәселелерді көтерді. Сонымен қатар, жедел жәрдем мен ауылішілік жолдарға су шашу мәселесі де қозғалды. Әкім әрбір сұраққа жеке тоқталып, кейбіріне сол жерде нақты жауап берді, ал қалғандары хаттамаға енгізіліп, тиісті бақылауға алынды.

Мирный ауылдық округінде өткен кездесуде тұрғындар ауыз су тасымалдау, кіре беріс жолды жөндеу, мектеп қазан­дығын жаңарту, дәрігер тапшылығы және қоқыс шығару мәселелерін көтерді. Аудан басшысы бұл бағыттарда жобалық жұ­мыстардың басталғанын, кейбірі бюджет есебінен, кейбірі мемлекеттік-жекешелік әріп­тестік аясында жүзеге асатынын айтты.

Ал Хантау ауылында өткен кездесуде тұрғындар ауыз су, мектеп қазандығы мен шатырын жөндеу қажеттілігін айтты. Әкімдік өкілдері аталған нысандар бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатқанын және алдағы уақытта кезең-кезеңімен жүзеге асатынын жеткізді.

Барлық ауылдардағы кездесулерде тұрғындар көтерген мәселелер хатта­маға енгізіліп, әр сұрақ бойынша жауапты бөлімдер мен мекемелерге нақты тап­сырмалар берілді. Олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны атап өтілді.
Аудан әкімі Ермек Карентаев: «Халықтың пікірі мен ұсынысы – біздің жұмысымыздың негізгі бағдары. Әр ауылдың мәселесі назарда, ең бастысы – шешім бар жерде нәтиже болады»,- деп атап өтті.

Апта бойы өткен кездесулерде аудан тұрғындары өз пікірлерін еркін білдіріп, маңызды мәселелерге назар аударды. Әкімдік тарапынан нақты шешімдер мен жоспарлар ұсынылды. Басты мақсат – әр ауылдың дамуына серпін беріп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру.