Осы аптада «Айсымбат» мейрамханасында «Нұр-бала» шағын үйі ұжымының ұйымдастыруымен «Нұр-бала» – мейірім мекені» атты концерттік бағдармасы жоғары деңгейде өтті. Бағдарламаны шағын үйдің қызметкерлері Жанна Толысбекова мен Аида Әбілдаева байыпты жүргізе білді.
Біріккен Ұлттар ұйымының ұйғаруымен 1992 жылдан бастап қазан айының екінші жексенбісі мүмкіндігі шектеулі азаматтар күні ретінде аталып келеді. Осы мерекеге арналған кештің мақсаты мүмкіндігі шектеулі жандарға жақсы көңіл-күй сыйлай отырып, қоғамға толыққанды қатысуын қамтамасыз ету.
Кеш барысында шағын үйдің тәрбиеленушілерінің мың бұрала билеген «Сұлу қыз», «Көңілді балалар», «Қол шатыр» билері мен Асхат Мейрамбек, Айзере Әкубек, Ерсін Жамбыл сияқты тәрбиеленушілердің салған әндеріне жиналған көпшілік риза болды.
Кеш соңында «Нұр-бала» шағын үйінің гимні орындалды. Кеште аудан әкімінің орынбасары Әлібек Нұрадинов сөз алып, аудан басшысы атынан заттай сыйлықтар мен мадақтама қағаздарын тапсырды. Содан соң аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов, аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық аурухананың бас дәрігері Бағлан Жүнісбеков, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Самат Тынышбеков тәрбиеленушілерді мерекелерімен құттықтады.
Кешті «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Нұр-бала» шағын үйінің жетекшісі Әсел Дүйсекеева қорытындылап, кеш қонақтары мен тәрбиеленушілерге, қызметкерлерге алғысын айтты.