25 қазан – Қазақстан Республикасының Республика күні мерекесі аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға аудан әкімі Ермек Карентаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұртас Саурықов, сондай-ақ «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев қатысып, тұрғындарды мемлекеттік мерекемен құттықтады. Салтанатты жиында сөз алған аудан басшылары Республика күнінің тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ерекше орнына тоқталып, елдің тұрақтылығы мен бірлігіне қосқан аудан халқының үлесін атап өтті.
Сондай-ақ еліміздің дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға алғыс білдіріп, Республика күнінің елдік рухты күшейтетін мерейлі мейрам екенін айтты. Мерекелік жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және мәдени өмірінің өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды. Олар «Ауданға сіңірген еңбегі үшін», «Мойынқұм ауданының 60 жылдығы» мерейтойлық медалімен, сондай-ақ аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Айта кету керек, биыл сәуір айында аудан көлемінде ауылдардың мәдени күндері жоғары деңгейде ұйымдастырылып, әр округ өз өнері мен ұлттық салт-дәстүрін кеңінен насихаттаған болатын. Сол мәдени күндердің қорытындысы дәл осы Республика күні мерекесінде жарияланып, үздік ауылдық округтер мен өнер ұжымдары марапатқа ие болды. Марапаттау нәтижесінде: белсене қатысқаны үшін Қызылтал, Биназар және Ұланбел ауылдық округтеріне микрофон жиынтығының сертификаты табысталды, «Көрермен көзайымы» номинациясын иеленген Мирный ауылы мен «Бірлігі жарасқан ауыл» номинациясының иегері Ақсүйек ауылына домбыра мен микрофон жиынтығының сертификаты берілді, үшінші орын иегерлері – Қылышбай, Кеңес және Хантау ауылдық округтеріне компьютер жиынтығының сертификаты табыс етілді, екінші орынды Қарабөгет және Жамбыл ауылдық округтері иеленіп, музыкалық аппаратура жиынтығының сертификатына ие болды, бірінші орынды Шығанақ және Мыңарал ауылдық округтері жеңіп алды, ал бас жүлде Бірлік ауылдық округіне бұйырып, оларға LED экранның сертификаты табыс етілді.
Мерекелік концерттік бағдарламада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен танымал өнер ұжымы «Тараз Триосы» өнер көрсетіп, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Республика күні – ел бірлігін, тәуелсіздік рухын және халық еңбегін дәріптейтін мереке. Мойынқұмдықтар бұл күнді ерекше рухта атап өтіп, аудан өміріндегі еңбегі еленген азаматтарды марапаттау арқылы мерекенің маңызын айшықтай түсті.