25 қазан – Республика күні мерекесіне орай Айдарлы ауылында ауыл тұрғындары үшін ерекше қуаныш сыйлаған жаңа мәдениет ошағының ашылу салтанаты өтті. Заманауи талаптарға сай салынған 90 орындық клуб пен кітапхана біріктірілген бұл ғимарат ауылдың мәдени тынысын жандандырып, тұрғындардың рухани өміріне тың серпін бермек.
Салтанатты шараға аудан әкімі Ермек Карентаев қатысып, жиналған көпшілікті жаңа нысанның ашылуымен және Республика күні мерекесімен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы ауылдардың өркендеуі мен мәдени орталықтардың дамуы – ел болашағына салынған инвестиция екенін атап өтіп, бұл нысанның жастардың өнерін ұштап, ауыл тұрғындарының басын біріктіретін маңызды орын боларына сенім білдірді.
Жаңа мәдениет үйі мен кітапхана ауылдағы қоғамдық және мәдени іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді. Мұнда сахна, дыбыс және жарық жүйелері, оқу залы, кітап қоры мен демалыс аймақтары қарастырылған.
Құрылыс жұмыстары облыстық бюджет есебінен 240 405,1 мың теңге қаражатқа жүзеге асырылды.
Айдарлы ауылы үшін бұл нысан – мәдени өмірдің, өнер мен білімнің ұштасқан ордасы. Республика күнімен тұспа-тұс келген жаңа ғимараттың ашылуы ел бірлігі мен ауылдың өркендеуін айшықтай түсті.