25 қазан — Республика күні ұлттық мерекесі қарсаңында аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен дәстүрлі ауылшаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сауда-саттық шарасы аудан орталығындағы Абылай хан алаңының маңында өтті.
Жәрмеңкеге ауданның 20-ға жуық кәсіпкерлік нысандары мен шаруа қожалықтары қатысып, өз өнімдерін тұрғындарға нарық бағасынан 10-30 пайыз төмен бағада ұсынды.
Сөрелерге сиыр мен қой-ешкі еттері, сүт және балық өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидектердің түр-түрі қойылды. Сонымен қатар шаруалар табиғи шөп өнімдерін де әкеліп, түктелген шөпті 600 теңгеден, ал рулон түріндегі шөпті 4000 теңгеден тұрғындарға ұсынды.
Жәрмеңке барысында ауыл еңбеккерлерінің өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Арзандатылған бағадағы сапалы өнімдерді алу үшін таңертеңнен бастап халық көптеп жиналды.
Мұндай игі шаралар ел мерекесіне еңбекпен үлес қосып жүрген ауылшаруашылығы саласы өкілдерінің еңбегін насихаттап, тұрғындарды отандық өнімге бет бұруға ынталандыруды көздейді.
Аудан тұрғындары жәрмеңкеден көтеріңкі көңілмен тарқап, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.