Мойынқұм және Шу аудандары аумағынан өтетін республикалық маңызы бар «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолы мен теміржол бойында қараусыз жүрген малдың жолға шығу деректері жиілеп отыр. Соның салдарынан жол-көлік оқиғалары мен адам өміріне қауіп төндіретін жағдайлар аз емес.
Осы өзекті мәселені талқылау мақсатында 2025 жылдың 30 қазаны күні Шығанақ ауылдық клубында Шу көлік прокуроры Жантас Әбдікеровтің ұйымдастыруымен жиын өтті. Онда қараусыз жүрген малдардың жолдағы қауіпсіздікке тигізетін әсері, мал иелерінің жауапкершілігі және мал бағу заңдылықтары сөз болды.
Жиынға аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының өкілдері, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі, ветеринария бөлімі және ветеринариялық инспекция басшылары қатысты. Сонымен қатар Хантау, Шығанақ және Мыңарал ауылдық округтерінің әкімдері, шаруа қожалық иелері мен ауыл тұрғындары да бас қосты.
Кездесуде қатысушылар малдың жолға шығу деректерін азайту, бағуды заңды негізде жүргізу, жол бойындағы қоршаулар мен ескерту белгілерін күшейту мәселелерін көтерді. Мал иелеріне тиесілі міндеттер мен жауапкершіліктер түсіндіріліп, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар талқыланды.
Жантас Әбдікеровтің айтуынша, қараусыз жүрген малдың кесірінен болған жол апаттарының алдын алу тек құқық қорғау органдарының емес, әрбір мал иесінің азаматтық борышы. Ол ауыл әкімдері мен шаруашылық иелеріне осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Жиын соңында қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, айтылған мәселелер тиісті құзырлы органдарға жолданатыны хабарланды.
Мамандардың айтуынша, мұндай кездесулер алдағы уақытта басқа ауылдық округтерде де жалғасын табады.