Өткен аптаның жұмасында аудандық прокуратураның бастамасымен Биназар ауылдық клубы ғимаратында «Халық заңгері» атты кең ауқымды акция ұйымдастырылды.
Тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдау, оларға тегін заңгерлік және консультациялық көмек көрсету, сондай-ақ түрлі салалардағы өзекті мәселелерін шешуге жәрдемдесу – шараның негізгі мақсаты болды.
Акцияға аудан прокуроры Қайсар Бекмұратов, аудан әкімінің орынбасары Әлібек Нұрадинов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Алмас Көпбаев қатысты. Сонымен қатар аудан әкімдігіне қарасты бірқатар бөлімдердің басшылары мен мамандары – ауыл шаруашылығы, дене шынықтыру және спорт, жер қатынастары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, мәдениет және тілдерді дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, экономика және бюджеттік жоспарлау, ішкі саясат бөлімдерінің өкілдері де тұрғындарды қабылдады.
Одан бөлек, акцияға аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, аудандық Мансап орталығының және аудандық кірістер басқармасының өкілдері, аудандық орталық аурухананың мамандары мен адвокат Алмас Садуов қатысты.
Кездесуге келген ауыл тұрғындары өздерін толғандырған түрлі әлеуметтік, жер және құқықтық мәселелер бойынша сала мамандарына сұрақтарын қойып, нақты әрі толыққанды жауап алды. Шара барысында тұрғындарға заңнамалық түсіндірмелер беріліп, кейбір өтініштер бойынша тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктелді.
Биназар ауылының тұрғындары акцияның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, өз ризашылықтарын білдірді. Мұндай шаралар халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған игі бастама ретінде бағаланды.