Ұланбел ауылы үшін соңғы екі жыл қиын кезеңдердің бірі болды. Бір кездері мөлдір суы үздіксіз ағатын ауыл тіршілігі, кенеттен жер асты суларының тартылуы мен техникалық ақаулардың кесірінен ауыз су тапшылығына тап болды. Тұрғындар үшін бұл – жай ғана тұрмыстық қиындық емес, күнделікті өмірдің ең өзекті мәселесіне айналды.
Алайда, бұл тығырықтан шығудың жолы табылды. Аудан әкімдігінің қызметкерлері мен Rio Tinto компаниясының геологтары бірлесе отырып, ауыз су жүйесін қалпына келтіру бағытында нақты жұмыс жүргізді. Бұрынғы ескі скважиналардың қасынан 200 метр тереңдікке дейін жаңа құбыр жіберіліп, таза әрі сапалы жер асты суына қайта қол жеткізілді.
– Бұл жұмыс – әкімдік пен жергілікті халықтың, сондай-ақ жауапкершілікті сезінген демеушілердің ортақ еңбегі, — дейді ауыл тұрғындары.
Бүгінде Ұланбелдің үйлерінде су қайта ағуда. Ауыл адамдары ұзақ жыл күткен қуанышты сәттің куәсі болды. Әсіресе жазғы аптапта немесе қысқы аязда судың тоқтауы үлкен қиындық тудыратынын жақсы түсінген жұрт бұл істің маңызын ерекше сезініп отыр.
Ұланбелдегі бұл өзгеріс – бір ғана техникалық жетістік емес, ауыл өмірін қайта жандандырудың көрінісі. Қарапайым ауыз су – кез келген өркениеттің іргетасы. Ал оны қамтамасыз ету – ел мен елдімекеннің ең басты міндеттерінің бірі.
Жергілікті билік пен демеушілердің қолдауы арқасында бүгінде ауыл тұрғындарының жүзінде қуаныш, жүрегінде сенім бар. Ең бастысы – ауылдың тіршілік тамыры қайта соғып тұр.