Кеңес, Бірлік, Қызылтал және Жамбыл ауылдық округтерінде аудан прокуратурасының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық қабылдау өтті. Бұл шара – билік пен халық арасындағы ашық диалогты қалыптастыруға, азаматтардың өзекті мәселелерін уақтылы шешуге бағытталған маңызды бастама болды.
Қоғамдық қабылдаудың басты мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және заң аясында туындаған мәселелердің шешу жолдарын түсіндіру. Осындай кездесулердің арқасында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып қана қоймай, мемлекеттік органдардың жұмысымен тікелей танысу мүмкіндігіне ие болды.
Жиындарға аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаев, аудан прокуроры Қайсар Мұратұлы Бекмұратов, сондай-ақ мемлекеттік орган басшылары мен сала мамандары қатысты. Олар тұрғындармен жеке кездесіп, қойылған әрбір сұрақ пен өтінішті мұқият тыңдап, нақты шешім жолдарын ұсынды.
Кездесу барысында ауыл азаматтары негізінен жер қатынастары, әлеуметтік көмек алу, жұмыспен қамту, коммуналдық қызметтер және өзге де тұрмыстық мәселелерге қатысты өтініштерін жеткізді. Әрбір мәселе жеке қаралып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.
Аудан әкімі Ермек Карентаев тұрғындардың белсенділігі мен ашық пікір білдіруін жоғары бағалап, мұндай қабылдаулардың маңыздылығын атап өтті:
– «Біздің басты мақсатымыз – әрбір азаматтың мәселесін назардан тыс қалдырмау. Мемлекеттік органдар мен халық арасындағы сенім нығайғанда ғана заң үстемдігі мен әділдік орнайды», – деді ол өз сөзінде.
Аудан прокуроры Қайсар Бекмұратов та азаматтарды заңды жолмен өз құқықтарын қорғауға шақырып, прокуратураның әрқашан ашық екенін айтты:
– «Біз үшін ең маңыздысы – тұрғындардың заңды құқықтарын қорғау және әділ шешім табуға көмектесу. Халықпен тікелей кездесіп, олардың мәселесін жергілікті жерде шешу – біздің ортақ міндетіміз», – деді ол.
Шара соңында ұйымдастырушылар мұндай қоғамдық қабылдаулар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп тұратынын жеткізді. Бұл бастама – мемлекеттік органдардың ашықтығын арттырып қана қоймай, халықтың билікке деген сенімін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Мойынқұмдықтар үшін мұндай кездесулер – өз ауылындағы мәселелерді шешудің тиімді алаңы. Ал аудан басшылығының бастамасы – елмен етене жұмыс істеп, әр азаматтың үнін естуге бағытталған шынайы қамқорлықтың көрінісі.