Мойынқұм таңы

Мойынқұмдық оқушылар үздік нәтиже көрсетті

0 4

2025–2026 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне ауданымыздан 29 оқушы қатысып, білім бәсекесінде өз мүмкіндіктерін танытты. Жарыс қорытындысы бойынша ауданның бес оқушысы жүлделі орындарға ие болып, ауданның абыройын асырды.

Жүлдегерлер қатарында Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектептің шәкірті Нұрайлы Серікбай орыс тілі пәні бойынша ІІ орын алса, осы мектептің тағы бір оқушысы Диана Тұрсын биология пәнінен ІІІ орын иеленді. Сонымен қатар Шығанақ орта мектебінің оқушысы Аян Амантай ағылшын тілі пәнінен, Жамбыл мектеп-гимназиясының оқушысы Айша Доғдырхан Қазақстан тарихы пәнінен, М.Жұмабаев мектеп-лицейінің оқушысы Айым Әбіл дәл осы пәннен ІІІ орынға ие болды.

Жалпы нәтиже ауданның білім сапасының өсіп келе жатқанын айқындады. Жүлдегер оқу­шыларды аудандық білім бөлімінің басшысы Мәлік Мұқашев арнайы құттықтап, дипломдары мен медальдарын салтанатты жағдайда табыс етті. Ол жас буынның жетістігі – ұстаздардың қажырлы еңбегінің, ата-аналардың қолдауының және оқушылардың өз табандылығының жемісі екенін атап өтті.
Олимпиадада жақсы нәтиже көрсеткен тағы үш оқушы – Т.Рысқұлов тірек мектебінің оқушысы Томирис Байділдә, Мыңарал орта мектебінің оқушысы Адема Теңізбай және Амангелді орта мектебінің оқушысы Дінмұхаммед Рысбай – арнайы грамотамен марапатталды.

Мойынқұмдық жас зияткерлердің бұл же­тістігі ауданның білім саласындағы жоғары әлеуетін тағы бір дәлелдеді. Білімге құштар өскелең ұрпаққа алда әлі талай жеңіс бұйырары анық. Жарайсыңдар, жас талаптылар!