Апта басында аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаевтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтіп, онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететін бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі тақырып – жол құрылысының барысы мен қысқы кезеңге дайындығы болды. Аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Қадырбайұлы Төлегенов жолдарға жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары, қар тазалайтын техниканың дайындығы, инертті материалдардың қоры және ауылдық округтер бойынша жоспарланған іс-шаралар туралы баяндады. Бұл бағыттағы мәліметтерді Мойынқұм ауылдық округінің әкімі Рүстем Бәкенұлы Тұрарқұл, Кеңес ауылдық округінің әкімі Әділет Сәкенұлы Мұқашев, сондай-ақ Бірлік ауылдық округінің әкімі Қуаныш Мәлібекұлы Оспанов өз округтерінің жағдайымен толықтырды. Олар ауылішілік жолдардың қазіргі ахуалы, қысқы маусымға дайындық деңгейі және орындаушы мердігерлермен жұмыс туралы баяндап, тиісті ұсыныстарын жеткізді.
Кеңесте қаралған екінші мәселе – көлік салығы бойынша берешектің орындалу барысы болды. Бұл бағытта Мойынқұм ауылдық округінің әкімі Рүстем Бәкенұлы, Бірлік ауылдық округінің әкімі Қуаныш Мәлібекұлы және Ұланбел ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Абасов өздеріне қарасты аймақтағы жағдайды баяндады. Әкімдер берешек көлемі, салық төлемеген тұрғындармен түсіндіру жұмыстарының жүргізілуі, үйме-үй аралау шаралары мен әкімшілік ескертулер туралы мәлімет берді. Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, салық мәдениетін арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.
Кеңес барысында 2025 жылға арналған жергілікті бюджеттің қосымша резервтері де талқыланды. Бұл бағытта аудандық кірістер басқармасының басшысы Бақыт Байтик Жол картасының орындалуы, бюджет түсімдерінің қалыптасуы, қосымша кіріс көздерінің анықталуы және олардың тиімді жоспарлануы жөнінде толыққанды баяндама жасады. Ол аудан бюджетін оңтайландыру, қаржылық тәртіпті күшейту және 2025 жылға жоспарланған міндеттерді уақытылы орындау мақсатында қолға алынған шараларды таныстырды.
Жиында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына газет-журналдарға жазылу жұмыстары да қаралды. Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қызырәліқызы Несіпбаева мемлекеттік мекемелердің жазылу жоспары, тұрғындар арасында ақпараттық кеңістіктің маңызын түсіндіру және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланыс жөнінде баяндады. Ол қазіргі медиасауат пен ресми ақпараттың қолжетімділігін арттырудың тұрғындар үшін өзекті екенін атап өтті.
Кеңесте талқыланған тағы бір маңызды мәселе – 2025 жылғы күзгі әскерге шақыру жұмыстары болды. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Болат Әбдімәлікұлы Әуелбаев әскери қызметке шақырылушылардың медициналық тексеруден өту барысы, комиссия жұмысының ұйымдастырылуы, жоспардың орындалу деңгейі және қазіргі көрсеткіштер туралы баяндама жасады. Әскерге шақыру бойынша міндеттердің уақытылы орындалуы, жастардың әскери даярлығы мен тәртібі де назардан тыс қалмады.
Жиын соңында сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылып, сала басшыларына туындаған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар жүктелді. Аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы аппараттық кеңесте көтерілген барлық бағыт бойынша жұмысты жүйелі жүргізу қажеттігін атап өтіп, тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауға алатынын жеткізді.
Аппараттық кеңесте қаралған мәселелер аудан өмірінің барлық саласына әсер ететін маңызды бағыттарды қамтыды. Жолдардың жағдайы, көлік салығы, бюджет резервтері, ақпараттық саясат және әскерге шақыру жұмыстары — тұрғындардың күнделікті өмір сапасын жақсартуға бағытталған негізгі міндеттер болып қала береді.