Мойынқұм таңы

Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

0 6

Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұжымының ұйымдастыруымен «Болашаққа қадам: жасанды интеллект және цифрлы экономика жағдайындағы кітапхана» форсайт-сессиясы болып өтті.

Сессия алдында Қазақстан Республикасы мен ауданның Құрметті азаматы Мұханбетқұл Сабыровтың ауданымыздың құрылғанына 60 жыл толуына орай шығарған «Мойынқұм ауданының тарихы» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі болды.

Тұсау кесер рәсімін аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы Кәрентаев ашып, ауданымыздағы мәдениет пен руханияттың дамуына ерекше назар аударып, кітапханалардың жаңа ақпараттық орта қалыптастырудағы маңызды рөлін атап өтіп, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу – аудан кітап­ханаларының келешектегі стратегиялық қадамдарының бірі екенін жеткізді.

– Ауданымызда 16 ауылдық округте 20 кі­тапхана жұмыс істейді. Кітап қоры – 273 253 дана, оның 176 418-і мемлекеттік тілде. Жыл сайын 13 400-ге жуық оқырманды қамтып отыр. Кітапханаларға аудан тарапынан қолдау үзілген емес. Жуырда Айдарлы ауылында жаңа клуб пен кітапхана ғимараты пайдалануға берілді. Мойынқұм ауылындағы коворкинг орталығына 1,5 млн теңгеге заманауи LED экран орнатылды. Сонымен қатар жыл сайын кітап қоры толықтырылып, мерзімді басылымдарға қаржы бөлінеді. Барлық кітапханалар компьютерлермен жабдықталған, 2 коворкинг және 9 цифрландырылған ақпараттық орталық тұрақты қызмет көрсетуде.

Биыл облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қол­дауымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, ауыл тұрғындарының кітап оқуға деген қызы­ғушылығы айтарлықтай артты. Соның аясында әрі ауданымыздың 60 жылдығына орай «Мойынқұм ауданының тарихы» атты жаңа кітап жарыққа шықты.

Құрметті кітапханашылар! Сіздердің еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағаланады. Ұлт болашағын тәрбиелеу, қоғамның мәдени деңгейін көтеру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолындағы қызметтеріңізге табыс тілеймін,- деді.
Лента қию рәсімін аудан әкімі Ермек Кәрентаев, Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Елеусізқызы Абдинова жасады.

Кітап аудандағы тарихи деректерді, мәдени мұраны, халықтың тұрмыс-тіршілігін және тұлғалардың өмір жолын жинақтаған құнды зерттеу ретінде таныстырылды.
Мәдениет үйінің фойесінде «Мерейлі өлке – Мойынқұм» этно ауыл көрме галлереясы ұйымдастырылған. Көрмеге кітап көрмесі «Әжемнің ертегісі» жобасы, салт-дәстүр (тұсау кесер), қол-өнер шеберлерінің көрмесі кіргізілген. LED экраннан ауданымыз туралы бейнеролик үздіксіз көрсетіліп, «Мойынқұмда ауылым» әні беріліп тұрды.

Осында «Мойынқұм – мықтылар мекені» атты әдеби-композициялық қойылым форсайт-сессияға келген жұртшылықтың көңілінен шықты.

Бүгінгі күннің кітапханасы цифрлы қоғамда мәдени мұра мен білімнің сақтаушысы, оны жаңа буынға жеткізуші заманауи орталықтарға айналуы тиіс. Форсайт-сессия көптеген адамдарды біріктіріп қана қоймай жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Кітап – адамзат ақыл-ойының інжу-маржанын ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп беретін ғажайып құрал екені көзіқарақты оқырманға белгілі.

Тарихы тереңге кеткен Мойынқұм – жыр-дастандарға арқау болған, табиғаты ерекше талай тұлғаны дүниеге әкелген қасиетті мекен. Кітапта ауданның көне дәуірден бүгінгі күнге дейінгі өмірі, елдің тыныс-тіршілігі, мәдениеті мен дәстүрі, халықтың еңбегі мен ерлігі жүйелі түрде қамтылған. Бұл еңбек ұзақ жылғы зерттеулерге, архивтік деректерге және жергілікті шежірешілердің әңгімелеріне сүйене отырып, Мойынқұмның шынайы тарихын ұрпаққа жеткізуге үлкен үлес қосты. Кітап – тек зерттеу ғана емес, ұлтжандылыққа, туған жерді сүюге тәрбиелейтін құнды қазына.

Жиын барысында аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықовқа, аудандық ор­талық­тандырылған кітапхана жүйесінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Ғалия Шубаеваға, аудандық архив пен музейге, «АМАNАТ» партиясы аудандық филиалына, облысымыздың аудандарынан келген облыстық, аудандық кітапханалардың өкілдеріне автордың қолымен бір-бір кітаптан тапсырылды.

Мұнан кейін ауданның өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан бір топ азаматтарға сыйлық ретінде бір кітаптан табыс етілді. Аудан басшысы Ермек Амагелдіұлы Ш.Уәлиха­нов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Елеусізқызы Абдиноваға «Мойынқұм ауда­нына – 60 жыл» төсбелгісін, аудандық орталық­тандырылған кітапхана жүйесінің әдіскері Сая Күлекееваға «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісін, кітапхана биб­лиографы Лаура Бейсенқұловаға облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Алғыс хатын салтанатты жағдайда тапсырды.

Мұханбетқұл Сабыров – аудан тарихына үңіліп, қажетті мәліметтерді жинастырып жүрген, талай жаңалыққа бастамашы бола білген азамат. Ол бұған дейін Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай мойынқұмдық майдангерлердің тізімін толықтырып, оны кітап етіп бастырды. Ауданның Құрметті азаматтары жайында альбом-кітап шығаруға күш салды. Мұханбетқұл ағамыз әр­қашанда әлде бір игілікті жұмыстың басынан табылады. Бұл әрине, ең алдымен жас ұрпақ үшін, олардың туған жерін, өскен елін, оның ардақты азаматтарын, тарихты жақсы білу үшін керек. Енді, міне ол ауданның тарихы туралы кітабын шығарды. Бүгінде М.Сабыров Ұлы Отан соғысы кезінде сонау Шу стансасынан Мойынқұмның құм жоталарының арасымен тартылған тар табанды темір жолының қазір білінер-білінбес ізін қуалап, сол кезең туралы кітап шығаруды ойластырып жүр.

Жиын барысында Ұланбел ауылдық кі­тапханасының тұрақты оқырмандары Инабат Әнуарбек Шәки Әкімовтың «Мойынқұм–ата-мекенім», Рамазан Өксікбай Болатбек Әбішевтің «Мойынқұм – асыл мекенім», Алдияр Әбубәкір Садық Құнанбаевтың «Менің Мойынқұмым» өлеңдерін нақышына келтіре оқыса, аудандық мәдениет үйінің әншісі Қасымжан Сәденов Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін тамылжыта орындады. Әннің шырайын ашып орындаған Қасымхан Сәденовтің кең тынысты дауысы мен патриоттық әнге деген құрметін көрермендер орындарынан тұрып, ұзақ қол шапалақтап ізгі ниеттерін білдірді
Кітаптың тұсау кесер рәсімі форсайт-сессия жұмысына жалғасты.