Мойынқұм таңы

Тұмауға байланысты эпиджағдай басты назарда

0 6

Осы аптаның сейсенбісінде аудан әкімдігі ғимаратында аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиевтің төрағалығымен ауданның эпидемиологиялық жағдайына қатысты жедел жиын өтті. Басқосуға аудандық аурухана, білім бөлімі, мәдениет саласының басшылары қатысты.

Жиында аудандық орталық ауру­хананың бас дәрігері Бағлан Жүнісбеков қазіргі эпиджағдай бойынша мәлімет беріп, тұмау мен ЖРВИ таралу қарқынының артқанын атап өтті. Ол тұрғындар арасында сақтық шараларын күшейту қажеттігін, әсіресе балалар мен жүкті әйелдердің денсаулығына ерекше назар аудару керектігін айтты.

Бас дәрігердің айтуынша, соңғы күндері ауруханаға жүгінушілер саны көбейген. Осыған байланысты дәрігерлер барлық тұрғындарды өздігінен емделмеуге, анти­биотиктерді дәрігер кеңесінсіз қабыл­дамауға шақырады. Тұмаудың алғашқы белгілері – қызу көтерілу, жөтел, тамақтың қырылдауы, әлсіздік байқалған жағдайда бірден медицина мамандарына қаралу ұсынылады.

Жиын қорытындысы бойынша аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев білім бөліміне мектептерде санитарлық талаптарды күшейтуді, оқушылар арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Мәдениет бөліміне қоғамдық орындардағы адам көп жиналатын іс-шараларды реттеу жүктелсе, аурухана басшылығына дәрігерлік көмекті күшейтіп, жедел қабылдау тәртібін тиімді ұйымдастыру міндеттелді.

Дәрігерлер кеңесі бойынша:
• Маска режимін сақтау
• Қолды жиі жуу
• Суық тигізбеу және иммунитетті кү­шейту
• Үйде ауырған адам болса, жеке бөлме бөліп, байланыс азайту – міндетті сақтық ша­раларының қатарында.

Ең бастысы балалар мен жүкті әйел­дерге өздігінен ем қолдануға бол­майды. Олар үшін кез келген вирус асқынып кетуі мүмкін. Сондықтан алғашқы белгілерден-ақ дәрігерге қаралу – ең дұрыс шешім.

Тұмаудан қорғану – әрқайсымыздың жауапкершілігіміз. Денсаулықты бірге сақтайық!