Мойынқұм таңы

Аудан басшысы тұрғындарды қабылдады

0 13

«AMANAT» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудан әкімі Ермек Карентаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қоғамдық қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, округ әкімдері, мекеме жетекшілері мен партия филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев қатысты.

Қабылдау барысында тұрғындар әлеуметтік маңызы жоғары бірқатар мәселелерді көтерді. Хантау ауылының тұрғыны көп жылдан бері ақылы қоғамдық жұмыста еңбек етіп келе жатқанын айтып, келесі жылдан бастап бұл бағыттың қысқартылуына алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ Мойынқұм ауылының тұрғындары баспана алу, тұрғын үй кезегіне тұру тәртібі жөнінде сұрақтарын қойды.

Қоғамдық қабылдауда ауданның тарихына қатысты ұсыныс та айтылды. Атап айтқанда, Мойынқұм ауылының тұрғыны ауданның қалыптасуына үлес қосқан азаматтар туралы кітап шығару мәселесін көтерді. Ал Ақсүйек ауылынан келген өтініш иесі ұзақ жылдар бойы үй кезегінде тұрғанын айтып, баспана мәселесін шешуге қолдау сұрады.

Аудан әкімі Ермек Карентаев барлық көтерілген сұрақтарды мұқият тыңдап, әрбір мәселе нақты бақылауға алынатынын жеткізді. Тиісті орынбасарлар мен бөлім басшыларына, округ әкімдеріне жедел тапсырмалар беріліп, орындау мерзімдері белгіленді.

Қоғамдық қабылдау алаңы — тұрғындар мен биліктің ашық диалог құратын тиімді тетігі. Аудан басшылығы тұрғындардың талап-тілегін әрдайым назарда ұстайтынын атап өтті.