Мойынқұм таңы

Жоғары нәтижеге қол жеткізді

0 8

Ауданымыздан шыққан жас футболшылар биылғы маусымды жарқын жеңістермен аяқтап, облыстық деңгейде жоғары нәтижеге қол жеткізді. Шу және Байзақ аудандарында өткен бірқатар облыстық чемпионаттарда аудан намысын қорғаған командалар қарсыластарын сенімді түрде жеңіп, чемпион атанды.

2014–2015 жылдары туған жасөспірімдер арасында өткен облыстық турнир 2025 жылдың 28-29 қарашасында Шу ауданының Белбасар ауылындағы спорт кешенінде ұйымдастырылды. Дүбірлі додаға Жамбыл облысының әр ауданынан 12 команда қатысты. Тартысты өткен жарыста мойынқұмдық жас футболшылар топтық кезеңде-ақ шеберлігін көрсетті. Атап айтқанда, Қордай ауданын 2:1 есебімен, Шу ауданын 5:1, Сарысу ауданын 3:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда Жуалы ауданының командасын 3:1 есебімен тізе бүктірген мойынқұмдықтар финалда қайта жолыққан Қордай ауданын 3:1 есебімен ұтып, облыс чемпионы атанды.

Бұл жарыста Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты аудандағы №23 балалар-жасөспірімдер спорт мек­тебінің тәрбиеленушілері ерекше көзге түсті. Турнир қорытындысы бойынша Серік Аслан «Үздік шабуылшы» номинациясына ие болды.

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының Тәуел­сіздігіне 34 жыл толуына орай» 2015–2016 жылдары туған жасөспірім ұлдар арасында Байзақ ауданындағы №11 балалар-жасөспірімдер спорт мек­тебі ұйымдастырған ашық турнирде де Мойынқұм командасы үздік нәтиже көрсетті. Түрлі аудандардан келген жас футболшылар қатысқан бұл жарыста мойынқұмдықтар барлық қарсыластарын артта қалдырып, тағы бір мәрте чемпиондық атақты иеленді.

Жас футболшылардың бұл жеңістері – олардың табанды еңбегінің, тұрақты жаттығудың және білікті бапкерлердің жүйелі жұмысының айқын дәлелі. Команданы дайындаған жаттықтырушылар – Марат Түйебаев пен Шерхан Имашев. Жас спортшылардың облыстық деңгейдегі бұл жетістігі ауданымызда футбол спортының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді және алдағы үлкен жеңістерге берік негіз қалайды.