Мойынқұм таңы

Аналарға көрсетілген құрмет – елдік құндылықтың айғағы

0 9

Ауданымызда көпбалалы аналарды ұлықтауға арналған тағылымды шара өтті. Бұл – анаға деген құрметті ұлттың бола­шағымен тікелей байланыстыратын, тамыры терең дәстүрдің нақты көрінісі. Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 11 қарашадағы №1089 Жарлығына сәйкес, ауданымыздың бірқатар аналары «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларымен марапатталды.

Салтанатты жиын барысында аудан әкімі Ермек Карентаев марапат иегерлерін құттықтап, ананың қоғамдағы орны мен от­басы тәрбиесіндегі шешуші рөліне айрықша тоқталды. Ол ана еңбегінің ешбір марапатпен өлшенбейтінін, алайда мемлекет тарапынан көрсетілетін осындай құрметтің ұрпақ тәрбиесіне берілген жоғары баға екенін атап өтті. Марапаттар аналарға салтанатты жағдайда табысталып, әрқайсысына жылы лебіз бен ізгі тілектер айтылды.

Аталған Жарлыққа сәйкес, «Алтын алқа» төсбелгісімен Бірлік ауылының тұрғыны Шалқынбекова Айнұр Қанатқызы және Айдарлы ауылының тұрғыны Аяпбергенова Айткүл Леспекқызы марапатталды. Бұл марапат – көпбалалы аналардың ел ал­дындағы еңбегіне берілген жоғары баға.

Сондай-ақ, «Күміс алқа» төсбелгісіне Бірлік ауылының тұрғыны Казакеева Ажар Рхалбекқызы, Айдарлы ауылының тұрғыны Төлбасиева Гүлназ Төлеутайқызы және Ибалиева Анара Бақытқызы, Көкжелек ауылының тұрғыны Рыспанбетова Айман Таубекқызы, сондай-ақ Мойынқұм ауы­лының тұрғыны Дүйсен Эльмира Егенбай­қызы және Бірлік ауылының тұрғыны Сейткәрімова Несібелі Оразбек­қызы ие болды.

Бұл марапаттар – аналарға ғана емес, тұтас отбасыға, ауылға көрсетілген құр­мет. Ұрпақ тәрбиесін өмірінің мәніне айнал­дырған жандарға алғыс айту – бүгінгі күннің ғана емес, ертеңнің де аманаты. Анаға тағзым бар жерде тәрбие бар, тәрбие бар қоғамның болашағы баянды.