Мойынқұм таңы

Жаңа жылдық мереке жоғары деңгейде өтті

0 12

2025 жылдың соңғы сәттері ауылымыз үшін ерекше көңіл-күймен есте қалды. Жыл бойы атқарылған істерге ой жүгіртіп, алдағы күндерге үміт артқан аудан тұрғындары орталық алаңға жиналып, 2026 жылды қарсы алуға арналған ауқымды концерттік шараның куәсі болды. Қысқы кештің салқынына және биыл қар түспеуіне, тіпті себелеген жаңбырға қарамастан алаңдағы атмосфера жылы, жүздерде қуаныш пен сенім айқын сезілді.

Мерекелік кештің шымылдығы көтерілген сәттен бастап-ақ орталық алаң нағыз думанға айналды. Биыл орталық алаң кереметтей өзгеріп сала берді, әсем безендірілген сахна, жарқыраған шамдар, жаңа жылдық әуендер жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ауыл тұрғындары мен қонақтары бір-бірімен құшақтасып, ескі жылмен қоштасып, жаңа жылға ақ тілектерін арнады. Бұл кеш – жай ғана концерт емес, ауыл жұртшылығының бірлігін, татулығын айшықтаған ортақ мереке болды.

Салтанатты шара барысында аудан әкімі Ермек Карентаев сахна төріне көтеріліп, жиналған қауымды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Өз сөзінде ол 2025 жыл аудан үшін маңызды әрі нәтижелі жыл болғанын атап өтіп, елдің ынтымағы мен бірлігінің арқасында көптеген игі істер атқарылғанын жеткізді. Сонымен қатар, алдағы 2026 жылға үлкен сеніммен қадам басу керектігін айтып, әрбір отбасыға амандық, бақ-береке, тұрақты табыс тіледі. Әкімнің жүрекжарды лебізі көпшіліктің көңілінен шығып, ду қол шапалаққа ұласты.

Құттықтау сөзден кейін аспанды тіліп өткен жарқын отшашу мерекенің шарықтау шегіне айналды. Түрлі-түсті оттар түнгі аспанды нұрға бөлеп, жаңа жылдың келгенін айшықтай түсті. Балалардың шат күлкісі, ересектердің қуанышты жүздері бұл сәттің қаншалықты әсерлі болғанын аңғартты. Отшашудан кейін де мерекелік көңіл-күй бәсеңдеген жоқ, керісінше, жұртшылықтың қуанышы арта түсті.

Концерттік бағдарлама барысында сахнада өнер көрсеткен әншілер мен өнерпаздар көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Әсем әндер, көтеріңкі әуендер мен жаңа жылға арналған музыкалық композициялар кештің сәнін келтірді. Көпшілік бірге ән шырқап, би билеп, жаңа жылды шат-шадыман қарсы алды. Бұл кеште әрбір адам жаңа жылмен бірге жаңа үміт, жаңа мақсат арқалап қайтты.

Осылайша, ауданымыз 2025 жылды абыроймен шығарып салып, 2026 жылды зор сеніммен қарсы алды. Жаңа жыл әр шаңыраққа шаттық сыйлап, елдің бірлігін нығайтып, игі бастамаларға жол ашсын. Алдағы жыл Мойынқұм жұрты үшін табысты, тыныш әрі берекелі болғай.