Мойынқұм таңы

Тағылымы– ұрпаққа үлгі

0 6

Жақында аудандық музейде мем­лекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 114 жыл толуына орай танымдық іс-шара өтті.
Іс-шара барысында оқушыларға Д.Қонаевтың өмір жолы мен елге сіңірген еңбегі жайлы музей экскурсоводы А.Тансықбаева сөз алып:

– Қонаев Дінмұхамед Ахметұлы — аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, техника ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым Академиясының ака­демигі Алматы қаласында дүниеге келген. Д.Қонаев ширек ғасырға жуық Қазақстанның бірінші басшысы қыз­метін атқарды. Ол жауапты басшылық қызметте жүріп, республикадағы тау-­кен ісін дамытуға қомақты үлес қосты. Билік басында болған уақыт қан­шалықты күрделі, қарама-қай­шы­лыққа толы болғанымен, елдің эко­номикасын, әлеуметтік жағдайын, ғы­лыми сфераларын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Түрлі деңгейдегі партия және кеңес қызметін атқара жүріп, Орталықтың өктем сая­сатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын да бір сәт естен шығарған жоқ. Алпысыншы жылдардың басында Н.Хрущевтің өктемдігімен Өз­бекстанға беріліп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін қайтарып алуы соның айқын бір дәлелі еді.

Ол Қазақстанда неміс автономиясын құру, Маңғыстауды Түрікменстанға бе­ру жөніндегі Орталықтың ұсыныс-жоспарларына қарсы шықты. Алматыны қазіргі заманғы көрікті қалаға ай­налдыруға көп күш жұмсады. Мұнда Республика сарайы, ҚазМУ қалашығы, «Арасан» сауықтыру орталығы, «Медеу» спорт кешені сияқты ірі ғимараттар бой көтерді. Бірнеше мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. КОКП-ның XIX съезінен бастап кейінгі съездерінің бәріне делегат болды. Парламент пен партия делегациясын басқарып, әлденеше рет шетелдерде болып қайтты. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болды.

Ұлттың қамын ойлаған азамат, біртуар тұлға 1993 жылы тамыздың 22-сі күні 82 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Дінмұхамед Қонаев қай­тыс болғаннан кейін Қазақстан Ғылым академиясының Тау-кен және түсті металлургия инс­титутына, еліміздің бір­қатар мектептері мен көшелеріне есімі берілді. Алматы қаласында қоғам қайраткері атында университет бар. 1992 жылы 13 қарашада Алматыда «Халықаралық Қонаев қоры» құрылды. 2002 жылы 12 қаңтарда Алматы қа­ласында Дінмұхамед Қонаевтың мұражай үйі ашылды. Ол өмірінің соңғы сәтін өткізген Алматы облысы Алакөл ауданына қарасты Ақши ауылында 2003 жылы 15 тамызда арнайы құлпытас орнатылды,–деп дара тұлғаның өмір­баянымен таныстырды.

Кездесу соңында оқушылар сұрақ-жауапқа қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Олар Дінмұхамед Қонаевтың қарапайымдылығы мен елге деген адалдығын ерекше атап өтті.

Іс-шара жас ұрпақтың тарихқа, тұл­ғаларға деген қызығушылығын арт­тырып, патриоттық сезімін оятуға бағытталды.