Осы аптада «AMANAT» партиясы аудандық филиалының кезектен тыс L (елуінші) конференциясы өтті. Конференция жұмысына партия мүшелері мен бастауыш партия ұйымдарының делегаттары қатысты.
Күн тәртібінде партия аудандық филиалы жанындағы Саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «AMANAT» партиясы аудандық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Күнту Мәди Жәнібекұлы сөз алып, өз сөзінде ол партияның кадрлық құрамын жаңарту мен тиімді басқаруды қамтамасыз ету мақсатында Саяси кеңеске бірқатар өзгерістер енгізу ұсынылып отырғанын атап өтті.
Атап айтқанда, Тараз қаласына қоныс аударуына байланысты Ахмеджанов Данияр Дәулетбекұлы партия аудандық филиалының Саяси кеңесі құрамынан шығарылды. Оның орнына партия мүшесі Исабеков Бәкір Әміреқұлұлының кандидатурасы ұсынылды.
Бәкір Әміреқұлұлы – аудандық мәслихаттың V, VI және VII шақырылымдарының депутаты, 2022–2025 жылдары Қылышбай ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған. 2025 жылдың қараша айынан бастап аудандық «Мансап» орталығының директоры қызметінде еңбек етуде.
Конференция делегаттары Исабеков Бәкір Әміреқұлын партияның жауапты, жан-жақты, ұйымдастырушылық және басқарушылық қабілеті жоғары, талапшыл, мақсатқа жете білетін азамат ретінде атап өтті.
Нәтижесінде, конференцияға қатысқан 50 делегаттың барлығы Исабеков Бәкір Әміреқұлұлын Саяси кеңес құрамына енгізу туралы шешімді бірауыздан қолдап дауыс берді.
«AMANAT» партиясы аудандық филиалының Саяси кеңес құрамына жаңа мүшенің қабылдануы партияның кадрлық әлеуетін күшейтуге және өңірдің қоғамдық-саяси өмірінде белсенділікті арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.