Мойынқұм таңы

Ауданда балалар құқығын қорғауға арналған ашық диалог өтті

0 10

Заң мен тәртіп қағидаты аясында аудан орталығында «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» атты ашық диалог ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың құқықтарын қорғау, оларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ қоғамда құқықтық мәдениет пен жауапкершілікті арттыру. Жиын барысында жасөспірімдердің қауіпсіздігіне, құқықтық сауатына және отбасы мен мектептің ортақ міндетіне ерекше назар аударылды.

Ашық диалогқа арнайы шақырылған аудан прокуроры Махмутов Болат Берікұлы, білім бөлімінің басшысы Мұқашев Мәлік Мұратәліұлы, сондай-ақ Мойынқұм АПБ ҚҚб ЮПТ УПИ полиция лейтенанты Әуесбек Әлішер Саруарханұлы қатысып, қатысушылармен еркін форматта пікір алмасты. Мамандар балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы заң талаптарын кеңінен түсіндіріп, зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол бермеудің маңызын атап өтті.

Кездесу барысында ең алдымен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі жан-жақты қаралды. Қатысушыларға заңнамада қарастырылған жауапкершілік, құқық бұзушылықтың салдары және әрбір баланың қорғалуға тиіс негізгі құқықтары туралы нақты мәлімет берілді. Сонымен қатар, спикерлер құқық бұзушылықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының жұмысы емес, ең алдымен ата-ана, білім беру ұйымдары және қоғам болып бірлесіп атқаратын ортақ міндет екенін жеткізді.

Аудан прокуроры балалардың құқықтарын қорғауда заң талаптарының қатаң сақталуы керектігін айтып, кез келген қысым көрсету, психологиялық зорлық, қорлау немесе немқұрайдылық сияқты әрекеттердің арты ауыр салдарға апаратынын ескертті. Сондай-ақ ол қиын жағдайға тап болған балаларға дер кезінде қолдау көрсету, құқық бұзушылықтың алдын алуда ерте әрекет етудің тиімділігі туралы да тоқталды.

Білім бөлімінің басшысы білім беру ұйымдарындағы қауіпсіз орта қалыптастырудың рөліне мән беріп, мектеп пен ата-ананың байланысы күшеймей, мәселені түбегейлі шешу қиын екенін атап өтті. Оның айтуынша, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік тек мектепке немесе тек отбасыға артылмайды, бұл – екі тараптың да ортақ жұмысы. Кездесу барысында оқушылардың өздерін қауіпсіз сезінуі, кез келген жағдайда ересектерден көмек сұраудан қорықпауы керектігі де айтылды.

Полиция лейтенанты Әуесбек Әлішер Саруарханұлы зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдарына тоқталып, қауіп төнген жағдайда қайда жүгіну керектігін, қандай әрекеттер жасау маңызды екенін түсіндірді. Ол жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілетінін, ал кез келген мәлімет назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Іс-шараның ең құнды бөлігі – сұрақ-жауап алаңы болды. Оқушылар көкейінде жүрген сауалдарын ашық қойып, нақты жауап алды. Бұл формат жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың өз қауіпсіздігіне бейжай қарамай, мәселе туындаса үнсіз қалмауына ықпал етті. Диалог барысында қатысушылардың белсенділігі жоғары болып, әрбір сұрақтың мәні қоғам үшін өзекті екенін көрсетті.

Жиын соңында мамандар балалардың амандығы мен қауіпсіздігі – ең алдымен ересектердің жауапкершілігі екенін тағы бір мәрте атап өтті. Құқықтық мәдениет пен тәртіпті күшейту арқылы ғана зорлық-зомбылықтың алдын алып, әр балаға қауіпсіз, тыныш әрі бақытты балалық шақ сыйлауға болатыны айтылды. Осындай ашық диалогтар қоғамдағы түсінікті нығайтып, бала құқығын қорғау бағытындағы ортақ ұстанымды бекіте түсетіні сөзсіз.