Мойынқұм таңы

Заңды білу – жарқын болашақтың кепілі

0 12

Жақында Б.Момышұлы атындағы орта мектебінде жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды тәрбиелік іс-шара өтті. Атап айтқанда, 10-сынып білім алушылары мен сынып жетекшісі Жансая Ынтықбаеваның ұйымдастыруымен «Заңды білу – әр азаматтың міндеті» тақырыбында мазмұнды сынып сағаты өткізілді.

Сынып сағатының басты мақсаты – оқушыларға Қазақстан Республикасының заң талаптарын кеңінен түсіндіру, олардың құқықтары мен міндеттері жө­ніндегі білімдерін толықтыру, сондай-ақ құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру болды. Сонымен қатар, адамгершілік, адалдық, мейірімділік, ар-ождан бостандығы сияқты ізгі қасиеттерді бойларына сіңіру арқылы құқықтық тәрбие беру көзделді.

Іс-шара барысында оқушылардың белсенді қатысуына ерекше көңіл бөлінді. Сабақта түсіндіру, әңгімелесу, сұрақ-жауап, топтық жұмыс, жағдаяттық тапсырмалар орындау, мақал-мәтелдермен жұмыс, пікір алмасу және презентация арқылы түсіндіру секілді түрлі әдіс-тәсілдер тиімді қолданылды. Бұл тәсілдер оқушылардың тақырыпты терең түсінуіне, өз ойларын еркін жеткізуіне және құқықтық мә­селелерге сыни көзқараспен қарауына мүмкіндік берді.

Қауіпсіздік сабағы аясында да маңызды мәселелер қозғалды. Оқушылар қиын жағдайларда өзіне және өзгелерге қолдау көрсету, көмек беру жолдарын меңгерді. Алғашқы медициналық көмек көрсету, сыну, қан кету кезіндегі алғашқы әрекеттер туралы практикалық түсінік қалыптасты. Мұндай білім – тек сабақ аясында ғана емес, өмірде де аса қажет дағдылардың бірі екені атап өтілді.

Сынып сағатының қорытындысы ретінде оқушылар өз құқықтары мен міндеттері жөніндегі білімдерін едәуір толықтырғаны байқалды. Олардың құқықтық сауаттылығы артып, заңды сақтау мен құрметтеудің маңызын терең түсінгені көрінді. Сонымен қатар, жауапкершілік деңгейі жоғарылап, азаматтық көз қарастары қалыптаса түсті.

Сабақ жоспарға сәйкес жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қойылған мақсаттарға толық қол жеткізілді. Тәрбиелік және танымдық тұрғыда тиімді өткен бұл сынып сағаты оқушыларға үлкен ой салды.

Іс-шара соңында «Заң – бәрімізге ортақ, оны білу және сақтау – әр азаматтың парызы» деген түйінді ой айтылды. Заңды білу арқылы әр адам өз құқығын қорғай алатыны және өзгенің құқығын құрметтеуге үйренетіні ерекше атап өтілді.
«Әрқайсымыз заңның сақшысы болайық! Бірге әділ қоғам құрайық!» деген үндеу оқушылардың санасында азаматтық ұстаным ретінде орнықты.

Қорытындылай келе, құқықтық мә­дениет мектеп партасынан баста­ла­тыны тағы бір мәрте дәлелденді. Бүгін заңды сыйлайтын оқушы – ертең елдің болашағына жауапты азамат. Ал сол болашақтың жарқын болуы – бүгінгі тәрбиелі, саналы ұрпақтың қолында.