Мойынқұм таңы

Кәмелетке толмағандар құқығы – басты назарда

0 11

Күні кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынды комиссия төрағасы Мейірхан Төлеулиев ашып, күн тәртібіндегі мәселелердің маңыздылығына тоқталды.

Отырыстың алғашқы мәселесі – кәмелетке толмағандар арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар болды. Бұл мәселе бойынша аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Сұлтан Талас баяндама жасап, соңғы жылдардағы ста­тистикалық деректерге, алдын алу шара­ларының тиімділігіне және медициналық-ағартушылық жұмыстардың рөліне тоқталды. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарымен және ата-аналармен бірлескен жұмыстарды күшейту қажеттігі атап өтілді.

Келесі кезекте Отбасын қолдау орталығының 2026 жылға арналған жұмыс жоспары және полиция есебіндегі жайсыз отбасылармен жүргізілген жұмыстар туралы Отбасын қолдау орталығының директоры Әбдіғали Әбдразахов баяндама жасады. Баяндамада әлеуметтік қолдау, психологиялық көмек, профилактикалық жұмыстардың нәтижелері мен алдағы жоспарлар кеңінен айтылды. Жайсыз отбасылармен жүйелі жұмыс жүргізу – кәмелетке толмағандардың құқықтарының сақталуындағы басты бағыттардың бірі екені атап өтілді.

Үшінші мәселе бойынша қамқоршылықтағы және қорғаншылықтағы кәмелетке толма­ған­дардың жай-күйі сөз болды. Аудандық білім бөлімінің бас маманы Мақпал Жекеева қамқоршылықтағы балалардың әлеуметтік, психо­логиялық және білім алу жағдайына тоқ­талып, бақылау мен қолдаудың тұрақты жүргізіліп отырғанын жеткізді.

Отырыстың төртінші мәселесінде мектеп пси­хологтары, әлеуметтік педагогтар мен тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасарларының кәмелетке толмағандардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстары тал­қыланды. Бұл бағытта М.Әуезов атындағы орта мектебі мен Қ.Сәтбаев атындағы шағын орталықты орта мектебінің директорлары Гүлнұр Әбілова мен Әсемкүл Малдыбаевалар тәжірибелерімен бөлісіп, тәрбие жұмыстарының нәтижелері мен кездесіп отырған мәселелерді ортаға салды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сұрақ-жауап алмасу жүргізіліп, тиісті ұсыныстар айтылды. Отырысты қорытындылай келе, ко­миссия мүшелері кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейту, салааралық өзара іс-қимылды арттыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Аталған отырыс балалардың қауіпсіздігі мен болашағына бейжай қарамайтын қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.