Жаңа Конституция жобасын қолдау жұмыстары жалғасуда. Аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев бастаған аудандық насихаттық топ мүшелері аудандық полиция басқармасының мәжіліс залында кездесу өткізді.
Полицейлер алдында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Берікұлы: «Жүзден астан ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, ұлт жанашырлары қабылдаған Заң осы. Бұл саяси құжатта Вице-Президент институтына қатысты, Құрылтайдың құрылымына орай тиімді баптар жазылған. 9-баптың тармағында қазақ тілінің ерекше мәртебесі айтылып, ресми тіл қатар қолданылатыны жазылды. Бұл орайда да халықтың пікірі назарға алынды. Бұл мемлекеттік тіліміздің мәртебесі бір саты жоғарылағанын көрсетеді»,-деді. Ал, ақын, Мәдениет саласының үздігі, аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің бас редакторы Есет Досалы жаңа Заңның 2-бабына, 33-бабына тоқталып, «Қай кезде де өз мемлекетімізге, өз мемлекетіміздің беделді Конституциясына арқа сүйейміз. Сондықтан, 15 наурыз күні басқа сайлаушылармен бірге полицейлер де белсенді түрде дауыс береді деп сенемін,- деп ойын білдірді.
Мұнан соң кездесу аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында жалғасты. Орталық қызметкерлері алдында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Берікұлы: «Бұл жаңа Конституция жобасына барша тұрғындар, зиялы қауым өз ұсыныстарын айтып, пікір білдіріп жатыр. 11- бөлім, 96-баптың әрбірінде атан түйедей салмақ жатыр. Сол салмақ ертең еліміздің дамуына қызмет етеді» деп өз ойымен бөлісті. Аудандық медиа орталығының басшысы Айдос Қосыбай «Мен филолог тіл маманымын. Сондықтан, осы тіл тазалығына назар аударамын. Мені Конституция жобасы мәтінінің мемлекеттік тілде жазылғаны қуантты. Әр бабы, әр тармағы түсінікті. Бұл уақыт өткен сайын мемлекеттік тіліміздің аясы кеңіп, биік тұғырына қонғанын көрсетеді. Сіздерді жаңа жобаны қолдап дауыс беруге шақырамын»,- деді.
Мұндай кездесу Мойынқұм ауылдық округінде де өтіп, ол жиында да жарқын жобаны қолдайтын жақсы ойлар айтылды.