Мойынқұм таңы

Өз құқығыңыз бойынша таңдау жасау – мереке

0 7

Жаңа Конституция жобасын талдау, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жалғасын табуда. Облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық коалиция мүшесі Бақытжан Қалымбетов аудандық білім бөліміне қарасты өнер және қосымша білім беру мектебінің ұжымымен және ауыл тұрғындарымен кездесіп, маңызды құжат жайлы өз ойын ортаға салды.

– Елдің талқысына түсіп жатқан жаңа Конституция жобасының ел болашағына, мемлекеттің дамуына жол ашуға мүмкіндіктері көп болып тұр. Әсіресе, бір Палаталы Парламент құрылып, «Құрылтай» атауына ие болатыны елдің назарын аударып отыр. 52-бабында «Қа­зақстан Республикасының Құрылтайы – Қазақстан Республикасының заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган. Құрылтайдың ұйымдастырылуы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы конституциялық заңда айқындалады» деп анық жазылып, көрсетілген. Құрылтайдың құрылуы да халыққа қолайлы Заңдар мен шешімдер шығаруға деген ізгі жол. Сондықтан, өз еліміздің болашағын дамытуға арналған жаңа Конституцияның жобасына ықыластылықпен қарап, қолдауларыңызды сұранамын. Бел­гіленген күні өз сайлау учаскелеріңізге келіп, таңдау жасауға баршаңызды шақырамын. Өз құқыңды пайдаланып, таңдау жасау – мереке. Сайлауға мерекеге келгендей қуанып келіңіздер. Себебі, жаңа жоба –жарқын жоба, – деді депутат. Жиынды аудандық мәслихаттың депутаты, «AMANAT» партиясы аудандық филиалы төрағасы Манарбек Көшкімбаев қорытындылап, сайлауда әр адамның дауысы мен белсенділігі маңызды екенін атап өтті.

Мансап орталығындағы маңызды кездесу

Мұнан соң облыстық коалиция мү­шелері аудандық «Мансап» орталығында болып, қызметкерлермен және еңбек адамдарымен кездесті. Жиналғандар алдында Мойынқұм ауданының Құр­метті азаматы, «Ауыл» партиясы об­лыстық филиалы «Мейірім құшағы» ко­миссиясының төрайымы Сәуле Рысбаева сөз сөйледі. «Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда жаңа Конституция жобасына қатысты референдум белгіленіп, саяси науқан жүріп жатыр. Конституция – еліміздің негізгі құжаты. Оған немкетті қарауға болмайды. Себебі, Заң сіз бен біздің құқымызды қорғайды. Жаңа жобаның 27-бабында: «Әр адам еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар. Мәжбүрлі еңбекке тартуға қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін адамды кінәлі деп тану туралы сот актісінің негізінде, не төтенше жағдайда, не соғыс жағдайында ғана жол беріледі» деп көрсетілген. Демек, еліміздің әр тұрғының мәжбүрлі еңбекке тартылудан және басқа да қауіптерден өз Заңымыз қорғайды. Сондықтан, Референдумға қатысып, таңдау жасау – ел болашағының дамуына қосқан үлесіңіз, – деді ол.
Жиынды Манарбек Көшкімбаев қо­рытындылап, көпшілікті белсенділікке шақырды.

Бірліктегілерді бірлікке шақырды

Бірлік ауылында өткен жиында да жаңа Конституция жобасын қолдау, рефе­рендумға бір кісідей ұйым­шыл­дықпен қатысу жайы сөз болды. Ха­лықтық Коммунистік партиясы облыстық филиалының атынан сөз алған Рахман Аққозиев «Еліміздегі әр өзгеріс халыққа қолайлы жағдай жасау үшін жасалады. Жаңа Конституция жобасы да осындай жарқын ой, мазмұнды мақсаттан туындады. Жүзден астам ғалым, қоғам қайраткерлері және танымал тұлғалардың қатысуымен әзірленіп, барша қазақстандықтардың талқысына түсіп жатыр. Ашық талданып, түрлі пікірлер айтылып жатыр. Сондықтан, Конституциямыз қабылданатын сайлауға бәріңізді түгел келуге шақырамын. Сіздерге бірлік пен ынтымақ тілеймін»,– деді. Мұнан соң облыстық мәслихаттың депутаты Бақытжан Алдасүгірұлы, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Сәуле Мақшанқызы өз ойларын ортаға салды. Ау­дандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Лаура Серікбаева да ойын ортаға салды.
Аудандық мәслихаттың депутаты Манарбек Өсербекұлы ауыл тұрғын­дарына алғысын білдірді.

Алға озған Айдарлы

Кеңес ауылдық округіне қарасты Айдарлы ауылында да тұрғындармен кездесу жоғары деңгейде өтті. №2 орта мектебінің залына ұстаздар мен ардагерлер, ауыл еңбеккерлері жиналды.

Қонақтар көпшіліктің алдында түрегеліп тұрып, өз ойларын айтты. Ашық, еркін әңгіме болды. Облыстық коалиция мүшелері өз ойларын айтып, жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырды. Саяси аса маңызды құжаттың әр бабы мен тармағына тоқталып, қол жеткізген жетістіктерімізді қозғап өтті.

Жиынды аудандық мәслихаттың депутаты, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев қорытындылады.

Қадірлі қауым! Сіздердің ауыл – аудан көлеміндегі мақтаулы ауыл. Қай кезде де белсенділік танытып, ұйымшылдық байқатып жүрсіздер. Ауылдың тазалығы, тәрбиесі мен тәртібі бойынша оң нәтижелерді көп байқаймыз. Бұл – ауыл халқының бірлігінің жемісі. Сол ынтымақтарыңыз дами берсін. 2026 жылғы 15 наурыз күні сайлауға келіп, өз дауыстарыңызды беруге шақырамын. Мемлекеттің дамуына міне осылай өз үлесіңізді қоса аласыз, –деді ол.

Ауыл тұрғындары қонақтарды мұқият тыңдап, ой бөлісіп, өздерінің осынау саяси науқанға белсене қатысуға дайын екендіктерін байқатты.