Мойынқұм таңы

Сенат депутаты көптің пікірін тыңдады

0 7

Ауданымызға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулысы Айдарлы ауылында өткен кездесуде тұрғындармен еркін ой бөлісті.

–Өздеріңіз білетіндей, алда Рефе­рендум тұр. Бұл – сізбен біздің таң­дауымыз. Жаңа Конституция жо­басы қабылданып жатқан уақытта елі­­­міздің сайлауға құқы бар әр тұрғыны бел­сенділік танытады деп ойлаймын. Бұл қабылданғалы отырған құжат Тәуелсіз еліміздің кедергісіз дамуына негізделген. Жобаның ІІІ бөлімінде көрсетілгендей, елімізде Вице-Президент институты пайда болады. Бұл құрылым тиімді басқаруға әкелетін жол. Ал, жаңа жобаның ІV бөлімі елімізде құрылатын Құрылтайға қатысты мәселелерге арналған. Мұнда да еліміздің дамуы мен экономикасына барынша тиімді жағдайлар қарастырылған. Басқа бөлімдерде де мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығына негіз бо­латын шешімдер кеңінен қамтылған.

Сон­дықтан, сайлауға белсенді қа­тысады деп сенемін, деді Сенат де­путаты. Жиында ауыл тұрғындары өз сауал­дарын қойып, тұщымды жауап алды.

Мұнан соң Сенатор Мойынқұм ауылының зиялы қауым өкілдері және тұрғындарымен кездесті. «Қазір бүкіл дүние дүрлігіп тұрған кез. Осы сәтте өз Конституциямызға өзгерістер енгізіп бағытымызды айқындап алу аса маңызды. Әсіресе, Президенттің өкілеттігіне, Вице-Президент құрылымына, Құрылтайға, Халық кеңесіне қатысты шешімдерді дер кезінде қабылдап алу өзекті болып отыр. Бұл орайда қарапайым тұрғындар мүддесі де қорғалып отыр. Елдің алдында жаңа Конституция жобасы ұсынылып, талқылауға түсіп жатыр. Мұны – ашықтық деп айтуға болады. Өздеріңіз де жобамен толық танысты деп ойлаймын. Сондықтан, 15- Наурыз күні өтетін Референдумда белсенділік танытуға шақырамын. Елі­мізбен бірге әр тұрғын, әр азаматтың өзін дамытып, көркейе беруіне тілектеспін. Мұның бәрі жарқын болашаққа жасалған нақты қадам, деді Бекболат Серікбекұлы.

Кездесу барысында тұрғындар Сенат депуататына сұрақтар қойды. Халық қалаулысы сұрақтарға жауап беріп, елдің ынтымағы мен бірлігі бар жерде тек ілгерілеу, өрлеу болатынына ел назарын аударды.