Мойынқұм таңы

«Open history of Жамбыл» – тұнған тағылым

0 8

Қазақ халқының ұлы ақыны, жыраулық өнердің ХХ ғасырдағы көрнекті өкілі Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Open history of Жамбыл» атты ашық есік күні – рухани құндылықтарды ұлықтауға бағытталған маңызды мәдени іс-шаралардың бірі болды. Мерейтойлық басқосу ақын мұрасын насихаттап, жас ұрпақтың тарихи танымын кеңейтуге зор үлес қосты.

Аталмыш іс-шарада Жамбыл Жабаев­тың 3 ғұмырлық кезеңі бойынша мектеп педагогтері, соның ішінде қазақ тілі, тарих, бастауыш бірлестіктері мен жас мамандардың жасаған жұмыстары нәтижесінде жүргізілді. Олар «Бала Жамбыл», «Дана Жамбыл», «Ақын Жамбыл» ауылдары бойынша келген қонақтармен медиа сағаттар, ашық тәрбие сағаттары, шығармашылық кеш түрінде өткізді. Ашық есік күнін аудандық білім бөлімінің басшысы Мәлік Мұратәліұлы ашып берді. Оқушылар Жамбылдың «Менің өмірім» атты жырына арнайы қойылым қойса, Жамбыл мектеп-гимназиясының жалынды жастары Жамбылдың өлеңдерін оқыды, ал 4 сынып қыздары рухты «Батырлар» биімен жиынның сәнін кіргізді. Аудан көлемінде өткізілген іс-шараға 15-ке тарта мектептердің педагогтері және мектеп президенттері келіп қатысты. Шара барысында келушілерге Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы көрме ұсынылды. Көрмеде ақынның өмір жолынан сыр шертетін архивтік құжаттар, фотосуреттер, кітаптар мен мерзімді басылым материалдары қойылды. Қатысушылар ұлы жыршының шығармашылық мұрасымен жақынырақ танысып, оның қазақ әдебиетіндегі айрықша орны туралы тың мәліметтер алды.

Ашық есік күні аясында әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырылып, оқу­шылар Жамбылдың жалынды жырларын жатқа оқыды. Ақынның ел бірлігі, ерлік, адамгершілік тақырыбындағы толғаулары көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, жас өнерпаздар Жамбылдың айтыс өнеріндегі орынын ерекше асқақтата көрсетті. Шара қорытындысы «Жастар ресурстық орталығы» мен Жамбыл мектебі бірлесе ұйымдастырған «Мен таныған Жамбыл» атты зияткерлік сайыс­пен аяқталды. Жамбылдың өмірінен, шығармашылығынан, тарихынан түрлі сұрақтар қойылып 3 кезең бойынша жеңімпаздар анықталды. «Жастар ре­сурстық орталығы» басшысы Күнту Мәди Жәнібекұлы зияткерлік сайысты арнайы жүргізіп, бағалы сыйлықтар мен дипломдармен марапаттады.

Іс-шараның басты мақсаты – ұлы тұлғаның мұрасын кейінгі буынға кеңінен таныту, ұлттық әдебиет пен мәдениетке деген құрметті арттыру. «Open history of Жамбыл» ашық есік күні жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалып­тастырып, тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған тағылымды кездесу болды.

Жамбыл Жабаевтың есімі – хал­қымыздың рухани қазынасының алтын арқауы. Оның жырлары уақыт өткен сайын өзектілігін жоймай, ел жүрегінде мәңгі сақталады. 180 жылдық мерейтой аясындағы бұл игі бастама – ұлт мақ­танышын ұлықтаудың жарқын көрінісі.