Аудан әкімі Ермек Карентаевтың төрағалығымен аппараттық кеңес отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен округ әкімдері және өзге де жауапты мекеме жетекшілері қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес әуелі тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бауыржан Төлегенов баяндама жасады. Баяндамашы өз сөзінде рұқсатсыз төгілген қоқыстың көбейіп кеткендігін айта келіп, ауылдық округ әкімдеріне қараусыз жүрген малдың иелеріне және қоқысты заңсыз орынға төккендерге айыппұл салуды ескертті.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ернұр Нәдірғожин шаруа қожалықтардың су үнемдеу технологиясын пайдалану, су ұңғымаларын кәдеге жаратуына жол ашу керектігіне тоқталды. Аталған жаңашыл жұмыстар үшін мемлекет тарапынан субсидия төленетін болады. Отандық тыңайтқыш өнімін алған шаруашылыққа 60 пайыз субсидия қарастырылып отыр. Ал, асыл тұқымды ірі қара малын сатып алушыларға жеңілдіктер аз емес. Мәселен, асыл тұқымды ірі қараны еліміздің аумағынан сатып алса әр басына 260 мың теңге, шетелден сатып алса оған екі есе жоғары субсидия қарастырылған. Асыраушы салаға жауапты бөлімнің басшысы Конго–Қырым қызбасы туралы, ошағы табылған 13 ауылға емдеу жұмыстары жүргізілетіні туралы да айтып өтті. Егістік суға қажеттілік бойынша ауылдық округ әкімдері республикалық «Қазсушар» мекемесінің жергілікті филиалдарымен келісім-шартқа отыруы керек екен. Бұл орайда Кеңес, Биназар, Бірлік, Күшаман, Қызылтал ауылдық округтерінің әкімдері өз жұмыстарын ширата түскендері жөн. Сонымен қатар, қараусыз жүрген иттерді аулаудың жолдарын қарастыру да өзекті.
Аппараттық кеңесте аудандық қорғаныс істері жөніндегі комиссариат бастығы Болат Әуелбаев аудан аумағында шақыру мерзіміне жасы келген азаматтардың әскерден өздерін жалтаруы жиілеп бара жатқанына басымдық берді. Қазіргі таңда аудан бойынша 88 азамат әскерге шақыруды елемей, бой тасалап жүр. Бұл ретте жергілікті учаскелік полиция өкілінің әлгі балаларды тауып, аудандық қорғаныс істері жөніндегі комиссариатқа апаруға құқықтары бар.
Жиында аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Несіпбаева 8-наурыз Халықаралық әйелдер мерекесін атап өтудің және Наурыз ұлттық мерекесін атап өтудің жоспарларымен таныстырып өтті.
Аппараттық кеңесті аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы қорытындылап, аудан әкімінің орынбасарларына, бөлім басшыларына, округ әкімдеріне нақты тапсырма берді.