Аудандық мәслихаттың кезекті елу үшінші сессиясы болып өтті. Сессия жұмысына аудан әкімінің орынбасарлары Әлібек Нұрадинов пен Қуандық Төлеубеков қатысып отырды.
Сессия жұмысы басталмас бұрын тұрақты комиссияның отырысы өтті. Тұрақты комиссия отырысын депутат Манарбек Көшкімбаев жүргізіп отырды. Тұрақты комиссияда биыл Мойынқұм ауылына тартылып жатқан таза ауыз су мәселесі де қозғалды. Депутаттар Бекболат Өткелбаев, Қанат Көшербаев аудан әкімінің тиісті орынбасарына, мердігер компания өкілдеріне ауылға тартылып жатқан су құбырын кішірейтпеуді өтінді. Аудан әкімінің орынбасары Әлібек Нұрадинов жасап жатқан жұмыстарын құрылыс заңдылықтарына қарай түсіндіріп берді. Дегенмен, екі тарап бір-біріне қанағаттанбай мәселені арнайы талқылап шешуге келісті. Ал, Шығанақ ауылдық округінен сайланған депутат Нұрлан Орынбаев ауыз суға қатысты өз сайлаушыларының қалың өтінішін арқалап келіпті. Ол да халық тілегін ортаға жайып салды.
Отырыста аудан аумағында 2026-2027 жылдарға арналған «Қауіпсіз – Мойынқұм» профилактикалық іс-шаралар бағдарламасының аудандық прокуратурамен бірлескен жоспарымен аудан әкімі аппараты құқықтық бөлімінің басшысы Мыңжан Алдасүгір таныстырды. Сонымен қатар Мойынқұм ауданының 2026-2030 жылдарға арналған Даму жоспарына өзгерістер енгізу туралы аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Еркін Кеншімов айтып берді. Тұрақты комиссия отырысында аудан әкімі жанындағы бірқатар комиссия құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы аудан әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Самат Тынышбеков, аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бауыржан Төлегенов, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жанат Жүнісова ұсыныстарын айтты.
Тұрақты комиссия отырысының соңында аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов барша халық қалаулылары атынан депутат Бақыт Серібаевті мерейлі 50 жасқа толуымен құттықтап, «Мойынқұм ауданының құрылғанына 60 жыл» мерекелік төсбелгісін табыс етті.
Мұнан соң аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықовтың төрағалығымен аудандық мәслихаттың кезекті елу үшінші сессия жұмысы басталды. Сессияда аудан әкімінің орынбасары Қуандық Төлеубеков «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауданда жүргізілген жұмыстар туралы баяндап өтті. Қазіргі таңда аталған жоба мал өсіруден басқа 38 қызмет түрі бойынша беріліп жатыр. Дегенмен, нәтижеге жету үшін кәсіпкерлерге тер төгіп, біраз жұмыс істеуге тура келеді. Істің көзін тапқанға мемлекет тарапынан қолдау да аз емес. Сессияда аудан әкімі жанындағы бірқатар комиссия құрамына, қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі консультациялық-кеңес органының құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, шешімін тапты.
Сессияны аудандық мәслихат төрағасы Нұртас Ұзақұлы қорытындылап, әр халық қалаулысын белсенділікке шақырып, халықтың жағдайы әрқашан басты назарда болуы керектігін айтты.