Барша қазаққа аңыз болған Жазылбек Қуанышбаевты, Жаз-атаны мойынқұмдықтар ерекше мақтан тұтады. Төлді де, баланы да егіздеткен атамыздың есімі жас ұрпақтың жадында мәңгі жатталып қалатыны анық.
Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, әйгілі шопан Жазылбек Қуанышбаевтың 130 жылдығына және туған күніне орай мойынқұмдық зиялы қауым мен жұртшылық аңыз адамның еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұл рәсімге малшылар маршалы атанған тұлғаның егіз ұлы Қойшыбай мен Тойшыбай Жазылбекұлы, келіні Ләйлә Қожагелдиева арнайы қатысты.
Әуелі аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Оразымбетов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағынғали Аманов, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Шакизат Әкімов гүл шоқтарын қойды. Мұнан соң аңыз адамның ескерткішіне ауданға сыйлы алдыңғы толқын ағалар Мұратхан Естаев, Шаһикерім Исабеков, Бекмұрат Жамбылов және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Несіпбаева, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қазыбек Бейімбетов бастаған ардагерлер мен зиялы қауым құрмет көрсетті.
Жиналған көпшіліктің алдында аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев сөз сөйледі.
– Біз бүгін барша қазаққа танымал болған аңыз шопан, екі мәрте алтын жұлдыз иегері Жазылбек Қуанышбаев атамыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрметпен еске алып отырмыз. Өз заманында өзінің абыройын ел мүддесіне арнаған, ауданымыздағы еңселі құрылыстардың бой көтеруіне тікелей ықпал еткен дара тұлғаны мойынқұмдықтар әрқашан ардақтайды. Рухына бас иеді. Ол барша халыққа өзінің жайдары мінезімен ұнап, «Жаз-ата» атанып кетті. Бүгінгі іс-шараға екі ұлы қатысып отыр. Адам ұрпағымен мың жасайды деген осы. Даңқы алысқа кеткен Жаз-атаның жаны жәннәттә болғай!, — деді Мейірхан Берікұлы. Мұнан соң ауданның құрметті ақсақалы Шакизат Әкімов та өз тілегін жеткізді. Іс шарада аудандық мешіттің найб имамы Тұратбек Бердіқожаев Жаз-атаның рухына бағыштап құран оқыды. Көпшілік құранға ықыласпен қол жайды.
Барша қазақ қастерлеген Жаз-атаның есімі ұрпақтан ұрпаққа жетіп, жаңғыра беретіні анық.