Мойынқұм таңы

Чапайдың шәкірттері шетінен чемпион

0 5

Әр ауылдың ажарын ашып, жетістігін еселеп жүретін патриот азаматтар болады. Сондай білікті, өз ісінің нағыз шебері атанған үздіктің бірі Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Чапай Айнабеков.

Негізі Чапай Көленұлы туралы айтылатын әңгіме көп. Ол кісіге ауылдастарының және шәкірттерінің құрметі ерекше. Әрине, дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін маман жеткілікті. Әр ауылда, әр мектепте бар. Мәселе оның қалай сабақ бергенінде, қалай еңбек сіңіргенінде, оқушы жүрегінен жол таба білуінде. Осы тұрғыдан алғанда Чапай ағай шаш етектен шаруа тындырып жүрген азамат.

Чапай Айнабеков 1963 жылы өмірге келген. Жасынан спортты серік етіп, шынығып өсті. «Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі» бойынша жоғары мамандық алды. Ұзақ жылдардан бері Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Шәкірттері аудандық, облыстық жарыстардан үнемі жеңіспен оралып жүр. Жеңістің биік тұғырына бірнеше рет көтерілгені – Айнабековтің жасаған ерен еңбегі, төккен терінің жемісі. Дене шынықтыру пәнінің білікті маманы мектептің және ауылдың спорт саласына ұзақ жылдардан бері орасан зор үлес қосқан. Айнабековтің шәкірттері келіпті десе басқа мектептің оқушылары кішкене артқа шегініп, тізгін тартып қалған кездері де аз болмаған. Себебі, Айнабеков баптаған команданың жеңісті қолдан бере қоймайтынын бүкіл аудан мектептері жақсы біледі.

Чапай Көленұлының 63 жасқа толуына орай Қарабөгет ауылында ұлдары аудандық үлкен турнир ұйымдастырды. Турнирдің ашылу салтанатында Қарабөгет ауылдық округінің әкімі Бағдат Сатыбалдиев және өзге де қонақтар сөз сөйлеп, жарысқа сәттілік тіледі.

Жарыс нәтижесіне келсек, жалпы жеті құрама қатысып, ішінен үздіктері оза шауып, финалдық кездесулер тартысты өтті. Атап айтқанда Шығанақ, Айдарлы, Мойынқұм, Мойынқұм жастары, Құмөзек, Қарабөгет, Сарыөзек ауылдарынан волейбол құрамалары қатысты. Жарыстың нәтижесі Мойынқұм ауылы құрамасы 1 орынды иеленіп, 100 000 теңге қаржылай сыйлықты еншіледі. Шығанақ ауылы құрамасы 2 орынға және 50 000 қаржылай сыйлыққа, Айдарлы ауылы құрамасы 3 – жүлделі орынға және 30 000 қаржылай сыйлыққа ие болды. Әр құрамада ерекше ойынымен көзге түскен волейболшы жастарға үздік аталымдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Жарыстың бас төрешісі ардагер волейболшы Барбол Ізбасаровқа «Үздік төреші» атағы мен алтын медаль және қаржылай сыйлық табысталды.

Жиын соңында озат ұстаз Чапай Айнабеков сөз сөйлеп, барша қонақтар мен спортшыларға алғысын білдірді. «Осы ауыл жастары деп еңбек еттім. Мен жас шәкірттерімді шыңдап шығардым. Олар қазір менің есімімді ардақтап, құрметтеп жатыр. «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген осы. Еңбегім далаға кеткен жоқ, шәкріттер үмітімді ақтады,- дейді ол.

Қарабөгетте көзге түскен спортшы ба­лалар көп. Олардың бәрі Чапайдың шәкірттері. Ұстаз еңбегінің ақталғаны осы болар.