Мойынқұм таңы

Мәселелер шешімін табады

0 9

Аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаев «AMANAT» партиясы аудандық филиалының ғимаратында аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Азаматтарды қабылдау барысында тұрғындар тарапынан ауыл-аймақтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қатысты бірқатар маңызды мәселелер көтеріліп, әр өтінішке ерекше назар аударылды.

Қабылдауға келген тұрғындардың ба­сым бөлігі елді мекендердің инфра­құрылымын жақсарту мәселесін сөз етті. Атап айтқанда, ауыл көшелеріндегі аншлагтарды жаңарту, жолдарды жөндеу және көшелерді ретке келтіру жөніндегі ұсыныстар айтылды. Тұрғындардың айтуынша, кейбір көшелердегі атау белгілерінің ескіруі мен жолдардың тозуы халыққа қолайсыздық туғызуда. Бұл мәселелер бойынша аудан әкімі жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, кезең-кезеңімен шешу жолдарын қарастыруды міндеттеді.

Сонымен қатар, қабылдауға келген азаматтар тұрақты жұмысқа орналасу мәселесін де көтерді. Жұмыссыздық мәселесі әсіресе ауыл тұрғындары үшін өзекті екені айтылып, аудан басшысы бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Жұмыс іздеп келген аза­маттарға бос жұмыс орындары жөнінде ақпарат беріліп, тиісті мекемелер арқылы қолдау көрсетілетіні жеткізілді.

Қабылдау барысында әлеуметтік жағ­дайына байланысты материалдық көмек сұрап келген тұрғындар да болды. Аудан әкімі әр отбасының жағдайын жеке қарап, заң аясында қажетті көмек көрсету тетіктерін түсіндірді. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың мә­селелері бақылауға алынып, жауапты бөлімдерге тиісті тапсырмалар жүктелді.

Тұрғын үй мәселесі де қабылдауда кеңінен қозғалды. Баспанамен қамту, тұрғын үй кезегі, құжат рәсімдеу және тұрғын үйге қатысты өзге де түйткілдер жөнінде азаматтар өз сауалдарын қойды. Аудан басшысы тұрғындарға қолданыстағы бағдарламалар мен заң талаптары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әр мәселенің шешу жолдары қарастырылатынын атап өтті.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындары елді мекендердегі ауыз су мәселесіне ерекше тоқталды. Кейбір ауылдарда ауыз судың тапшылығы мен жүйенің ескіруі халыққа қиындық туғызып отырғаны айтылды. Бұл ретте аудан әкімі аталған мәселенің кезең-кезеңімен шешілетінін айтып, жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктеді.
Қабылдау кезінде жер мәселесі де назардан тыс қалмады. Жер телімдерін рәсімдеу, пайдалану және заңдастыру бойынша тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға тиісті түсіндірмелер берілді. Сонымен қатар, кәсіп бастау мақсатында ғимаратты жалға алу мәселесі көтеріліп, аудан басшысы кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары жөнінде айтып өтті.

Жеке қабылдау барысында аудан әкімі көтерілген барлық мәселелер назардан тыс қалмайтынын айтып, тұрғындармен ашық пікір алмасты. Кейбір өтініштер сол жерде оң шешімін тапса, қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер жауапты бөлімдердің бақылауына алынды.

Мұндай азаматтарды қабылдау кездесулері халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың талап-тілегін тыңдауға мүмкіндік береді. Ел ішіндегі өзекті мәселелерді дер кезінде шешу, халықтың мұң-мұқтажына назар аудару – жергілікті атқарушы биліктің басты міндеттерінің бірі екені тағы бір мәрте байқалды.