Мойынқұм таңы

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – қоғам дамуының кепілі

0 9

Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін күрделі әлеуметтік құбылыс. Ол мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне нұқсан келтіріп қана қоймай, халықтың билікке деген сенімін әлсіретеді. Сондықтан жемқорлықпен күресу тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі болып табылады.

Сыбайлас жемқорлық дегеніміз – жеке пайда табу мақсатында қызметтік өкілеттікті заңсыз пайдалану. Оның қатарына пара беру мен алу, қызметтік жағдайды жеке мүддеге пайдалану, мемлекеттік сатып алулардағы заң бұзушылықтар, сондай-ақ туыстық қатынастар арқылы кадрлық шешімдер қабылдау секілді әрекеттер жатады.

Жемқорлықтың қоғамға тигізетін зардабы орасан. Ең алдымен, мемлекеттік қаржының тиімсіз жұмсалуына алып келеді. Сонымен қатар, инвестициялық ахуалдың нашарлауына, кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіруге, әлеуметтік теңсіздіктің күшеюіне әсер етеді. Әсіресе жастардың әділдікке деген сенімінің төмендеуі – қоғам үшін үлкен қауіп. Мұндай келеңсіздіктер ұлттық қауіпсіздікке де теріс ықпал етеді.

Осыған байланысты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуі қажет. Бұл бағытта халық арасында адалдық пен әділдік құндылықтарын насихаттау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру аса маңызды. Аудан көлемінде де аталған бағыттағы жұмыстар кешенді түрде жүзеге асырылып келеді.

Қоғамдық орындарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мазмұндағы баннерлер орналастырылып, аудан орталығындағы LED экрандар арқылы арнайы бейнероликтер тұрақты түрде көрсетілуде. Сонымен қатар, арнайы медиа-жоспар әзірленіп, аудан әкімдігіне қарасты мекеме басшыларының қатысуымен жергілікті басылымдар мен әлеуметтік желілерде түсіндіру мақалалары жарияланып келеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірыңғай Call-орталығы – 1424 нөмірі туралы ақпараттық жадынамалар барлық елді мекендердегі қоғамдық орындар мен мекемелерде жаңартылып, тұрғындарға кеңінен таныстырылуда.

Жергілікті атқарушы органдардың профилактикалық жұмысы тек үгіт-насихатпен шектелмейді. Негізгі мақсат – халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсету, қоғаммен ашық байланыс орнату және мемлекеттік қызметкерлердің бойында адалдық қағидаларын қалыптастыру. Осы мақсатта мемлекеттік қызметтердің сапалы әрі уақытылы көрсетілуі тұрақты бақылауға алынған. Сонымен қатар, аудан және ауыл әкімдерінің тұрғындармен кездесулері жүйелі түрде өткізіліп келеді.

Мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту мақсатында әдеп жөніндегі уәкілдердің қатысуымен кездесулер ұйымдастырылып, Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері түсіндірілуде. Бұл жұмыстар мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін арттырып, адал қызмет ету қағидаларын орнықтыруға бағытталған.

Жалпы, сыбайлас жемқорлықпен күрес – бір реттік науқан емес, үздіксіз жүргізілетін жүйелі процесс. Қоғам дамыған сайын бұл бағыттағы жұмыстар да жетілдіріле түседі. Әр азамат заң талаптарын сақтап, адалдық қағидаларын ұстанғанда ғана әділетті әрі дамыған қоғам құруға болады.

Е. Карентаев.

Мойынқұм ауданының әкімі