Мойынқұм таңы

Ел болашағы – әр азаматтың таңдауынан басталады

0 83

2026 жылғы 23 тамызда елімізде Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтеді. Бұл – Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуындағы жаңа кезеңді айқындайтын маңызды науқан. Жаңа Конституция негізінде құрылған Құрылтай халықтың еркін білдіретін жоғары өкілді орган ретінде елдің заң шығару қызметін жүзеге асыреді.

Кейінгі жылдары елімізде мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар реформалар іске асырылды. Сол өзгерістердің нәтижесінде жаңа саяси модель қалыптасып, азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігі кеңейе түсті. Құрылтай институтының енгізілуі – осы реформалардың заңды жалғасы.

Мойынқұм ауданының тұрғындары әрдайым қоғамдық-саяси науқандарға белсенді қатысып келеді. Бұл – ел тағдырына бейжай қарамайтын, туған жердің дамуына үлес қосуды азаматтық парыз санайтын халықтың ұстанымы. Алдағы сайлау да осындай жауапкершілікті талап етеді.

Құрылтайдың алдағы қызметі еліміздің заңнамасын жетілдіруге, мемлекеттік маңызы бар бастамаларды қарауға және халықтың мүддесін қорғайтын шешімдер қабылдауға бағытталады. Сондықтан сайланатын депутаттардың кәсібилігі мен ел алдындағы жауапкершілігі ерекше мәнге ие.

Әрбір дауыс – елдің ертеңіне қосылған үлес. Сондықтан әрбір азамат өз таңдауын саналы түрде жасап, мемлекетіміздің одан әрі дамуына атсалысуы қажет. Азаматтық белсенділік – демократиялық қоғамның басты құндылықтарының бірі.

Бүгінде Қазақстан жаңару жолында нық қадам жасап келеді. Бұл бағыттағы табыстың басты кепілі – халықтың бірлігі, қоғамдық келісім және әр азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігі. Құрылтай депутаттарының сайлауы осы құндылықтарды нығайтып, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді одан әрі арттыруға қызмет етеді.

Барша мойынқұмдықтарды алдағы сайлауға белсенді қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіруге шақырамын. Өйткені елдің ертеңі – бүгінгі таңдауымызға байланысты.

 

Бақыт Серібаев,

Мойынқұм аудандық мәслихат депутаты