Мойынқұм таңы

ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: ТАБИҒАТҚА ЖАНАШЫРЛЫҚ ПЕН ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

0 18

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысып, жастармен және экобелсенділермен бірге елордадағы Президент саябағының аумағында ағаш екті. Бұл шара қоршаған ортаны қорғау, жасыл желекті көбейту және қоғамда экологиялық мәдениетті орнықтыру ісінің маңызын айқындай түсті.

Акция аясында Президент жауапты мемлекеттік органдар басшыларының есебін тыңдап, елорданы абаттандыру және республикалық экологиялық бастаманың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қаланы кешенді түрде көріктендіру мен көгалдандыру жұмыстары туралы баяндады. Оның мәліметінше, соңғы жылдары елордада 500-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылған. Жыл соңына дейін тағы 170-тен астам аула мен қоғамдық орынды, соның ішінде парктерді, гүлзарлар мен бульварларды ретке келтіру көзделіп отыр.

Бұл жұмыстар тұрғындардың күнделікті өміріне қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Аулалардың жаңаруы, демалыс орындарының көбеюі мен жасыл аумақтардың кеңеюі қала келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың серуендеуіне, спортпен шұғылдануына және отбасымен уақыт өткізуіне мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысына Есіл өзенінің бойында қоғамдық және рекреациялық кеңістіктердің бірыңғай жүйесі қалыптасып келе жатқаны туралы да мәлімет берілді. Жоба аясында қаланың әр бөлігіндегі парктер, серуендеу және спорт аумақтары тұтас жасыл белдеуге біріктіріледі. Мұндай жүйелі тәсіл табиғи ортаны сақтай отырып, қалалық кеңістікті тиімді пайдалануға жол ашады.

Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров «Таза Қазақстан» бастамасы жүзеге асырыла бастаған кезден бері 2 мыңнан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылғанын баяндады. Осы жұмыстардың нәтижесінде 3,8 миллион тонна қоқыс жиналып, 10 мыңдай қоқыс төгетін орын жойылған.

Аталған көрсеткіштер қоршаған ортаны қорғау жолындағы бірлескен еңбектің ауқымын көрсетеді. Ал қол жеткізілген нәтижені сақтау үшін тазалыққа жауапкершілікпен қарау күнделікті әдетке айналуы қажет. Қоқысты белгіленген орынға тастау, жасыл желекті күтіп-баптау, аула мен көшенің тазалығын сақтау — әр тұрғынның ортақ іске қосатын үлесі.

«Таза Қазақстан» бастамасының қоғамдық мәні де осында: туған жерге жанашырлықты нақты әрекетпен көрсету, жастардың бойында табиғатқа ұқыпты қарау дағдысын қалыптастыру және келер ұрпаққа таза әрі жайлы орта қалдыру.