Мойынқұм таңы

Сахнадағы 20 жыл

0 37

2026 жылғы 4 қазанда Алматы қаласындағы Орталық стадионда Қайрат Нұртастың «Сахнада 20 жыл» атты мерейтойлық концерті өтті. Кешке шамамен 40 мың көрермен жиналып, стадион бірнеше сағат бойы ән мен шаттыққа бөленді. Әншінің танымал туындыларын мыңдаған адамның бірге орындауы бұл кештің басты әсеріне айналды. Алайда көрермен санының көп болуы концерттің барлық қыры мінсіз өтті дегенді білдірмейді. Үлкен сахнадағы шоуға қуана отырып, оның ұйымдастырылуы мен көркемдік мазмұнына да сын көзбен қарау қажет.

Көрермен ықыласы – концерттің басты жетістігі

Қайрат Нұртастың сахнадағы жиырма жылдық жолын атап өтуі – отандық эстрада үшін елеулі оқиға. Әншінің көпшілікке жақсы таныс хиттері тыңдарманды бірден баурап, зал мен сахнаның арасындағы байланысты күшейтті. Кештің үш жарым сағатқа созылғаны туралы ақпарат та бағдарламаның ауқымын аңғартады. Әсіресе әншінің қызы Алаумен бірге сахнада билеген сәті көрерменнің есінде қалған әсерлі көріністердің бірі болды.

Мұндай концерттің артықшылығы – адамдарға ортақ эмоция сыйлауында. Көрермендер сүйікті әндерін бірге айтып, күнделікті тіршіліктен бір сәт алыстап, мерекелік көңіл күйге бөленді. Бұл – концерттің өз мақсатына жеткенін көрсететін маңызды белгі.Дегенмен, үлкен концертті тек жарық, экран және қатты музыка арқылы бағалау дұрыс емес. Мерейтойлық кештің атауы «Сахнада 20 жыл» болғандықтан, бағдарлама әншінің шығармашылық жолын мазмұнды түрде танытуы керек еді. Танымал әндерді орындау көрерменге қуаныш сыйлағанымен, олардың арасында шығармашылық кезеңдерді байланыстыратын шағын оқиғалар, әндердің тарихы немесе ерекше сахналық шешімдер көбірек болса, концерттің идеясы тереңірек ашылар еді. Әйтпесе жиырма жылдық мерейтой тек хит әндер топтамасы ретінде қабылдануы мүмкін.

Көрермен пікірлерінде де біркелкі баға байқалмады. Жанкүйерлердің басым бөлігі кешті жоғары бағалап, әншінің энергиясын мақтаса, кейбір тыңдармандар сахналық қойылымды бұрынғы концерттерімен салыстырып, бұл жолғы безендіруді қарапайымдау деп санаған. Мұндай пікірлер концерттің көркемдік деңгейін талқылауға негіз береді: ауқымды стадиондық шоу көрермен күткен әсерге сай болуы үшін сахна дизайны мен бағдарламаның мазмұны бір-бірін толықтыруы қажет.

Концертке шамамен 40 мың адамның жиналуы ұйымдастырушыларға үлкен жауапкершілік жүктейді. Кейбір көрермендер кіреберістегі ұзын кезек, тексеру жүйесі және VIP-аймаққа өту тәртібі туралы шағым айтқан. Бұл пікірлер барлық көрерменнің тәжірибесін толық сипаттамаса да, бұқаралық іс-шарада ұсақ көрінетін ұйымдастыру мәселесінің өзі жалпы әсерге ықпал ететінін көрсетеді. Адам концертке билет сатып алғанда тек ән тыңдауды емес, алаңға қауіпсіз әрі ыңғайлы кіріп-шығуды да күтеді.

Сондықтан келесі концерттерде кіреберіс ағынын алдын ала есептеу, тексеру бекеттерін жеткілікті ұйымдастыру, навигациялық белгілерді анық қою және қауіпсіздік қызметкерлерінің жұмысын үйлестіру маңызды. Сахнадағы шоу қаншалықты әсерлі болса да, көрермен кезекте тұрып шаршаса немесе өз орнын таба алмаса, кештен алған әсері төмендеуі.

Қорытындылай келе, Қайрат Нұртастың Алматыдағы «Сахнада 20 жыл» концерті әншінің тұрақты тыңдарманын, танымал әндерінің күшін және қазақстандық эстраданың стадион жинай алатын мүмкіндігін көрсетті. Кештің басты жетістігі – мыңдаған адамды бір алаңға жинап, ортақ музыкалық көңіл күй қалыптастыруы. Бірақ концерттің шынайы сапасы көрермен санымен ғана өлшенбейді. Көркемдік идея, сахналық шешім, дыбыс сапасы, ұйымдастыру мен қауіпсіздік те бірдей маңызды.

Меніңше, бұл концертті табысты әрі талқылауға тұрарлық мәдени оқиға деуге болады. Қайрат Нұртас тыңдарманын жинай алатынын тағы бір рет дәлелдеді. Ендігі міндет – осындай үлкен қызығушылықты одан да сапалы режиссурамен және мінсіз ұйымдастырумен ақтау. Себебі көрермен концерттен тек әсер алып қана қоймай, өзін құрметтелген әрі қауіпсіз сезініп қайтуы керек.

Ғылыми жетекші:Нурханова Б.Т

6В11102-Мәдени-тынығу жұмысы БББ студенттері 3 курс

А.А. Сайлаугелді,Ғ.А. Орынбет

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті

(Алматы қ.,Қазақстан)