Мойынқұм таңы

Наурыз – думан, Наурыз – той

0 26

Наурыз мейрамы – ұлттық салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрыптарымыздың қайта түлеген ерекше мерекесі. Жаңа жылдың бастауы болған мейрамды халқымыз тек 21 наурызда ғана емес, ерте көктеммен тойлауды үрдіске айналдырған. Күн мен түн теңелетін көктемнің шуақты мерекесінде аудан орталығы думанға толып, барша жұрт шат-шадыман күй кешті.

Орталық Абылайхан алаңында 4 киіз үй тігілген. Олар «Ырыс», «Бірлік», «Ынтымақ», «Береке» деп аталды. Жаңа жылды атап өтуге шыққан тұрғындар қолөнер шеберлерінің жасаған бұйым­дарын тамашалап, сонда жайылған дастарханнан наурыз көжеден дәм татты. Ұлттық киім киген ардақты ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар, қыз-келіншектер мен балалар нұрлы Наурыздың айшықтары көрініс тапқан алаңға қарай ағылды.

Орталық алаңдағы аудандық мәдениет үйінің алды Наурыз мерекесіне сай ұлттық нақышта безендіріліп, түрлі билбордтар ілінді.

Мерекенің басын аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері жарапазан айтып, сахналық қойылымнан бастады. Қыдыр баба елдегі жұртқа жақсы сөз, жарым ырысын арнады. Мұнан соң Ұлыстың ұлы күнінде алаңға келген жұртшылықты аудан әкімі Әлихан Балқыбеков құттықтады.

-Наурыз – ата-бабадан мирас болып жеткен ұлық мереке. Ұлыстың ұлы күні биыл жаңаша сипат алып, көкжиегі кеңейіп отыр. Биылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынысымен еліміздің барлық өңірінде Наурыз мерекесін жаңа форматта өткізу жоспарланды. Тарихи тұрғыдан он күнге жалғасатын бұл мереке Наурызнама деп аталады.

Биылғы Наурыз айының тағы бір ерекшелігі Рамазан айымен тұспа-тұс келуі. Жалпы осы айда мұқтаж жандарға көмектесу, қайырылымдық көрсету және тағы басқа қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұл күні көпшілік, аулалар мен арық-атыздарды тазалап, ауыл маңына, көшелерге, үй іргесіне тал-дарақтар егіп, жаңа өмірге жаңа көзқараспен бет бұрады. Наурыз мерекесі қарсаңында ауданымызда да санитарлық тазалық, көгалдандыру мен көгеріштендірудің екі айлық шарасы кең ауқымда жүргізілуде. Наурыз–татулықтың мейрамы. Ел үшін, ұрпақ үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын кез келді. Көктемнің бұл ерекше күні, яғни қазақтың жаңа жылында күндеріңіз шуақты, татулықтарыңыз тұрақты болсын, — деп жиналған қауымға ізгі тілегін жеткізді.

Ауданымызға белгілі өнерпаздар әуелетіп ән шырқап, мың бұралып би биледі. Тігілген әр үйде қазан көтеріліп, қонақжай ел келушілерге дәм ұсынды. Ал, ел үлкендері ақ ниет пейілдерімен биылғы жылы көктің бітік шығуын, ел-халықтың амандығын тіледі. Сондай-ақ ауылдың жеке кәсіпкерлері түрлі сусындар мен тәттілер, көкөністер, нан өнімдерін сатты.

Міне, наурыздың 21-і күні Абылайхан алаңында өткен ұлттық мереке осын­дай көріністермен айшықтала түсті. Хал­қымыздың қастерлі мерекесінде ауданға қарасты өзге ауылдарда да Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтілді.