Мойынқұм таңы

Биназарлықтар амал мерекесін тойлады

0 34

Көрісу күні Наурыз мейрамының бастауы деуге де болады. Адамның адаммен, жылдың жылмен көрісіп, қауышқан шағы бұл. Пенденің аузы аққа, мал аузы көкке тиген шақ. Наурыз – жаңару мейрамы. Жаңа жылда бір жас қосылатыны анық. Сондықтан, осы күні ғана адамдар бір-біріне «Жасың құтты болсын!» деп тілек тілейді.

Биназар ауылдық клуб қызметкерлерінің ұйым­дастыруымен «Әз наурыздың – ізгі амалдары» тақырыбында кездесу кеші өткізілді.

Кештің мақсаты, тақырыбына сай, ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлау онкүндігінің мән-мағынасы, маңызы, міндеті, «Амал» күні туралы жастарға тереңірек түсінік беру болды.

Іс-шараға Бірлік ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Иманалиев Мұратхан Тоғайұлы, Бірлік ауылының қоғамдық кеңесінің төрағасы Дәндібай Молдабаев, Бірлік ауылының билер кеңесінің төрағасы Кемпірбай Сыздықбаев, Бірлік ауылының әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Қалтаева, ауданның Құрметті азаматы, ауыл ақсақалы Назымхан Тайлақбаев, ауданның Құрметті азаматы, ауылымыздың әжесі Айман Зейнәділова, жергілікті ақын-сазгер Болатбек Әбішев, Мәдениет саласының ардагері Дариғаш Әбілхаева, «Асыл әжелер» ансамблінің көркемдік жетекшісі Сәрсембай Рысқұлов, «Асыл әжелер» ансамблінің жетекшісі Рәткүл Қыбыраева, «Асыл әжелер» ансамблінің мүшесі Дүриякүл Оспанова қатысты.

Қонақтарды ән шашумен қарсы алған биназарлықтар көрісіп, төс қағысып, есен-саулық сұрасқан соң, қонақтарды ақ дастархан басына алып барып, төрден орын берді. Кешке О.Жандосов атындағы орта мектебінің жоғарғы сынып оқушылары шақырылды. Кеш қонақтары «Әз Наурыздың» амалдары жайлы, тамыры тереңде жатқан Наурыз мерекесін тойлаудың онкүндігі туралы өз білгендерін жастарға толықтай жеткізе білді. Сонымен қатар жасөспірімдер «Амал» күні туралы сұрақтар қойып, тұщымды жауап алған соң, клуб үйінің әншілері халық әндерінен шашу шашты. Іс-шара өз мақсатына жеткен соң, конақ кәде-сыйлары да тапсырылып, кеш өз дәрежесінде корытындыланды.