Мойынқұм таңы

Тазалық – баршаға ортақ міндет

0 26

Өткен сенбіде екі айлық көктемгі тазалық жұмыстары маусымы қарсаңында ауылдарда сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Аудан орталығындағы тазалық жұмыстарына бұл жолы ауыл тұрғындары да қоғамдық жұмысқа тартылып, өздерінің көшелерін тазартып, ауылдың тазаруына өз үлестерін қосты.тап айтар болсақ, Абылайхан көшесінің 2-қиылысы, Абылай хан мен Б.Майлин көшелерінің қиылысындағы тұрғындар белсенділік танытты.

Аудан әкімі Әлихан Әбіләшұлы сенбіліктің өту барысын өз бақылауына алып, тазалық жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтарды аралады. Аудан басшысы тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқан тұрғындармен тілдесіп, қоғамдық жұмыстағы белсенділіктері үшін алғысын білдірді.

Аудан басшысы аудан орталығының батысында орналасқан қоқыс тастау орнында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Өкінішке орай аудан орталығы халқының өз ауылдарын тұрмыстық қалдықтармен ластау дәрежесі өте жоғары екенін сөз еткен аудан басшысы, тазалық жұмыстарын мұнымен тоқтатпау керектігін айтты. Сонымен қатар өздерің тұрғылықты жерінің тазалығына деген жауапкершілігін арттыру мақсатында ауыл тұрғындарын тазалық жұмыстарына жиі тартып тұру үшін жұмыстар жүргізу керектігін айтып, қажеттілік туындаған жағдай да өз ауласын ластау арқылы көшенің, ауылдың тазалығына нұқсан келтірген азаматтарға айыппұл салу керектігін ескертіп, аудан орталығының әкімі Рүстем Тұрарқұлға тапсырма берді.

Сөз соңында ауылымыздың тазалығы тек осы ауылдың тұрғындарына ғана тәуелді мәселе екенін әрбір ауыл тұрғыны терең түсінсе деген ойымды білдіріп кеткім келеді. Себебі әрбір тұрғын өз үйінен шығарылатын тұрмыстық қалдықтардың жойылуына, тиісті орынға жеткізілуіне жауапкершілікпен қараса ауылымыздың тазалығы анағұрлым жоғары деңгейде болар еді.