Мойынқұм таңы

Өзекті мәселелер қаралды

0 30

Осы аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында кезекті аппараттық кеңес өтті. Кеңеске аудан әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының өкілдері, аудан әкімдігінің бөлімдері мен мекемелерінің басшылары, ауылдық округ, ауыл әкімдері қатысты.

Аппараттық кеңесті аудан әкімі Әлихан Балқыбеков ашып, жүргізіп отырды. Кеңес жұмысын бастамас бұрын аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Ернияз Омарбайұлы Жұмашевті 63 жасқа толған мерейтойымен құттықтады. Арнайы дайындалған адресатты табыстап, ақжарма тілегін білдірді.

Күн тәртібіне «Көктемгі 2 айлық сенбілік жұмыстарының өту барысы туралы», «Елді мекендердегі ауыз су төлемдерінің орындалуы туралы», «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмыстарының барысы туралы», «Вирусты А гепатитінің алдын алудағы орындалып жатқан шаралары туралы», «Наурыз мерекесінің аталып өтілуінің қорытындысы туралы», «2024 жылдың 2 айында атқарылған және жоспарланған жұмыстары туралы» мәселелер қойылды.
Күн тәртібіндегі бірінші және екінші мәселелер бойынша баяндау үшін аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Талғат Үсенбаевқа сөз берілді.

Бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес ауыл, ауылдық округтерде атқарылатын жұмыстардың көлемі, атқару мерзімі бойынша ауыл, ауылдық округ әкімдеріне, тапсырма белгіленіп берілді. Бекітілген іс-шараға сәйкес 1000 түп ағаш көшетерін отырғызу (1511 түп ағаш көшеттері отырғызылды), 6500 түп ағаштардың бұтақтарын кесу, түбін ақтау, 1600 шаршы метр гүлзарлар егу, 65,0 шақырым тоғандар мен арықтарды, 50,0 мың шаршы метр көшелер мен аулаларды тазалау, 215 тонна күл-қоқыстарды шығару (аудан бойынша 50 тоннаға жуық қоқыс шығарылды), 254 үйдің қасбеттері мен шарбақтарын, 10 саябақ пен 1 демалыс орындары тазалау (Мойынқұм, Бірлік ауылдарындағы саябақтар тазаланды), көріктендіру жұмыстарын жүргізу, арнайы күл-қоқыс орындарын реттеу тапсырылды.

Екінші мәселе бойынша: Бүгінгі күнге Мойынқұм ауданында 24 елді мекеннің 20 елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген. Оның ішінде: 8 елді мекенде 24 сағат (Мыңарал, Ұланбел, А.Назарбеков, Қарабөгет, Сарыөзек, Айдарлы, Көкжелек, Қылышбай), 12 елді мекенде (Мойынқұм, Құмөзек, Жамбыл, Күшаман, Бірлік, Биназар, Хантау, Қияқты, Мирный, Бұрылбайтал ст.,Мыңарал ст.,Шығанақ) 4-12 сағат аралығында ауыз су беріледі. 4 елді мекеннің 2 елді мекенінде құрылыс жұ­мыстары жүргізілуде (Ақсүйек ауылында құрылыс жұмыстары жүргізілуде, Ақбақай ауылына республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жеңімпаз мердігер болып «Интелект Азия» ЖШС-сі анықталды) 2 елді мекенде, Бурылбайтал ауылына КБМ орнату жұмыстарына ЖСҚ әзірленіп, қазіргі таңда сараптамада Қашқантеңіз стансасына су құбырын тарту бойынша құрылыс бөлімі тарапынан) ЖСҚ әзірленуде, — деді ол.

Күн тәртібіндегі үшінші, төртінші мә­селелер бойынша баяндау үшін сөз кезегі аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Данияр Ахмеджановқа берілді.
–Міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру жүйесі 2020 жылғы 1 қаңтарда іске қосылды. Оны енгізудің арқасында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2 есе өсті. МӘМС жүйесі іске қосылғанға дейін, 2019 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне шамамен 1 трлн. теңге бөлінді. Ал 2023 жылы халыққа көрсетілетін медициналық көмекті қаржыландыруға 2,5 трлн. теңгеден астам, оның ішінде ТМККК бойынша – 1,4 трлн. теңге МӘМС бойынша – 1 трлн. теңгеден астам қаражат қарастырылған. МӘМС есебінен денсаулық сақтауды қаржыландырудың айтарлықтай өсуі медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік берді.

Төртінші мәселе бойынша: Вирусты гепатит А – бауырдың зақымдалуы басым болатын жедел инфекциялық ауру. А гепатитімен науқастың жұқпалы болатын кезде аурудың белгілері айқын байқалмай 5-7 күнге созылатын сарғаюға дейінгі кезең (температураның қысқа мерзімді жоғарылауы, өзін әлсіз сезіну, жүрек айнуы) байқалады. Қара зәрдің пайда болуы, көздің ақ қабығы және дене сарғаюы басталғаннан кейін науқас басқаларға қауіп тудырмайды. Инфекция көзі – науқас адам. Инфекция фекальді-оральді берілу жолымен сипатталады. Ауру ластанған қолдар, ыдыс-аяқ, ойыншықтар және басқа заттар арқылы жұғады. Сондай-ақ, инфекцияның жаппай таралу деңгейі құбырдағы ауыз суының кәріз суымен ластанған кезде жоғары болады. Бұл дерттің алдын алудың ең тиімді жолы алдын ала екпе салу, -деді Данияр Дәулетбекұлы.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Несіпбаева баяндады.

–Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне аудан тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында 16 ауыл, ауылдық округтерде мерекелік билбордттар ілінді. Жоспарға сәйкес барлық ауыл және ауылдық округтерде мерекелік бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізілді. Өткізілген барлық шаралар туралы ақпараттар аудандық әлеуметтік желілерге (фейсбук, инстаграмм) және жергілікті «Мойынқұм таңы» газетіне жарияланды, -деді бөлім басшысы.
Күн тәртібіне қойылған Қызылтал мен Қызылотау ауылдық округтері әкімдерінің ағымдағы жылдың екі айында атқарған жұмыстары есебін тыңдауды алдын ала ұсынылған материалдардың негізінде келесі аппараттық кеңесте тыңдау туралы шешім қабылданды.

Аппараттық кеңесте көтерілген мә­селелердің барлығы хаттамаланды. Аудан әкімі Әлихан Әбіләшұлы тиісті тұлғаларға хаттамалық тапсырмалардың орындалуын жіті қадағалауды тапсырды.