Өткен аптада Бірлік ауылындағы «Айзере» мейрамханасында аудан әкімдігінің ауыл шаруашылық бөлімінің ұйымдастыруымен егін шаруашылығына арналған аймақтық семинар кеңесі өтті. Оған Бірлік, Айдарлы, Биназар, А.Назарбеков, Көкжелек, Күшаман ауылдарының диқандары қатысты. Семинар жұмысын аудан әкімінің орынбасары Ержан Әмірханов ашып жүргізіп отырды.
Семинарда «Budan» серіктестігінің өкілі Заир Намбаев «Элиталық жүгері гибритті тұқымдар», «Bavdala» компаниясының өкілі Асқар Құмаев Сұйық күрделі тыңайтқыштар, «Salnur» серіктестігінің өкілі Қайрат Райымбекұлы «Жүгері және күнбағыс тұқымы туралы, «micnobiо» компаниясының өкілі Ерік Шорабаев мал шаруашылығына арналған отандық биологиялық препараттар, «Агрохимлдер» серіктестігінің өкілі Ұлан Исенбаев өсімдіктерді қорғау құралдары мен тыңайтқыштары туралы баяндама жасады. Аталған компаниялар ауыл шаруашылығы саласында отандық өнімді өндіруге елеулі үлес қосып, едәуір жетістіктерге жетіп жүрген құрылымдар санатында. Олардың ғылымға сүйеніп жасап жатқан өнімдері еліміздің егін шаруашылығында кеңінен қолданылып, жақсы көрсеткіштерге жетіп жүр. Компания өнімдері өздері өндіретін түрлі минералдық тыңайтқыштар мен тұқымдардың бірнеше түрін көрсетіп, оның пайдасын жан-жақты түсіндірді. Семинар барысында оларға диқандар тарапынан бірнеше сауал қойылып, оған нақты жауап алды.
Семинар жұмысына аудан әкімі Әлихан Балқыбеков те қатысып, ауданға арнайы атбасын бұрып, өздері өндіретін пайдалы тыңайтқыштар мен тұқымдар жайында мол мағлұматтар бергендері үшін алғысын айтып, оларға алғыс хат тапсырды.